Лексикология
Дәріс-9

Артқа Алға

1-слайд: Сөздік құрамындағы  сөздер қолданылу  жиілігіне  қарап,  екі үлкен салаға бөлінеді. Бірінші, жаппай қолданылатын актив  қабаттағы сөздер,  екінші, сирек қолданылатын  пассив қабаттағы сөздер.

Актив сөздер. Оған күнделікті  өмірде, тұрмыста үнемі  қолданылатын, мағынасы қазақ тілінде  сөйлейтіндердің  бәріне түсінікті, дағдылы сөздер жатады. Актив сөздерге жалпыхалықтық сөздер жатады. Сонымен бірге жалпыхалықтық  тұрғыдан алғанда  қолданылу шектеулі, бірақ белгілі бір салада  жиі қолданылатын  (терминдер, кәсіби сөздер, кітаби сөздер, бейнелі сөздер) де кіреді.

        Пассив сөздер. Оған қазіргі  кезде көнерген я көнере бастаған сөздер және  көпшілікке  әлі кең тарамаған жаңа сөздер- неологизмдер жатады.

    2-слайд: Көнеру сипаты   мен  тілдегі  қолдану  ерекшеліктеріне  қарай көнерген сөздер  архаизмдер мен  историзмдер болып екі салаға бөлінеді.

          Архаизмдер  халықтың күн көріс тіршілігіне,  салт-сана тұрмысына,  әдет-ғұрпына, дүние танымына қарай  әр дәуірде өзгеріп,  басқаша сөздермен ауысып отырған немесе ескіріп біржола қалып қойған сөздер жатады.     

          3-слайд: Архаизмдер  халықтың күн көріс тіршілігіне,  салт-сана тұрмысына,  әдет-ғұрпына, дүние танымына қарай  әр дәуірде өзгеріп,  басқаша сөздермен ауысып отырған немесе ескіріп біржола қалып қойған сөздер жатады. Қазақ тілінде архаизмдердің мынадай түрлері бар:

    Мата- кездеме атауларымен байланысты архаизмдер: торқа, мақпал, мауыты, биқасап, берен, тұқаба т.б.

    Салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты архаизмдер: сауын айту, ұрын бару, кит кию, тоқымқағар, бастаңғы, барымта, қалыңмал, тасаттық.

    Киім-кешек, ыдыс-аяқ атауларына қатысты архаизмдер: шидем, шекпен, күпі, жарғақ, күлпәра, кебеже, қазанқап, асадал, астау, кебене т.б.

    Дни ұғымға қатысты архаизмдер: қиямет-қайым, мүңкір-нәңкір, бірәдар, підия, ахирет, қалпе, зекет, құшыр, жарапазан, әзірейіл т.б.

    Үй-тұрмысына, мал атауларына қатысты архаизмдер: лашық, итарқа, жаппа, шошала, шопан ата (қой), қамбар ата (жылқы), ойсыл қара (түйе), зеңгі баба (сиыр), шекшек ата (ешкі) т.б.

    Әртүрлі ұғымға қатысты архаизмдер: аламан, алапа, албан,0 аластау, жаушы, мор, бұзаушық, тоғанақ т.б.

    Жалпы түркі тілдеріне тән архаизмдер: будун, ұлық, бек, мешін т.б.

 4-слайд: Көнерген сөздердің көнеру дәрежесі үш түрлі болады:

      Әбден ұмытылып,  қолданыстан біржола шыққан көнерген сөздер. Бұл тәрізді  архаизмдердің  мән-мағынасы белгілі деректерге сүйеніп, сұрап білу  арқылы болмаса, қазіргі кезде мүлдем түсініксіз болады,  олар туынды сөз жасауға  қатыспайды. Мысалы: Керекейді атпа, қонжығы жетім қалады (мақал). Осындағы керекей – аюдың ұрғашысы, қонжық- аюдың баласы. Бұл сөздердің  мағыналары іздестіріліп, зерттеп білу арқылы  ғана анықталып отыр. 

Түбір қалпында  жеке алтылмайтын, бірақ белгілі бір туынды сөздердің түбірінде сақталған көнерген сөздер: бүлдіршіндей  (бүлдіршін), баданадай  (бадана),  суйіріктей  (суйірік), қаршадай  (қарша),  зәредей (зәре) т.б.

Жеке сөздер ретінде  қолданыстан шығып қалғанымен, мақал-мәтел мен фразеологиялық тіркестердің  құрамында әлі де қолданыла беретін көнерген сөздер: торқа-жібек, жарақ- қару, күсу-жеру,қырым-алыс, сауға- араша, кент-қала, азар-өкпе, түлен түрту (бір пәлеге ұшырау)- Ешкіні түлен түрткенде, шопанның таяғына сүйкенер (мақал). Архаизмдер жеке сөз түрінде де, сонымен бірге сөздің көнерген бір мағынасы ретінде де кездеседі.

  5-слайд: Тарихи сөздер  дәуірі өтіп, сол ескі заманның өзімен қоса жоғалған, сөздер тарихи сөздер деп аталады. Тарихи сөздердің көнеруі тарихи атаулардың  құрып бітуімен, біржола жоғалуымен байланысты болады. Тарихи сөздерді де бірнеше топқа бөлуге болады:

    Әкімшілік, ел басқарумен байланысты туған тарихи сөздер: а) хан, ханша, ханым, ханзада, тақ, таж, старшын, би, дуан, урядник, пристав елубасы т.б.

    Әскери атақ пен қару-жараққа қатысты тарихи сөздер: садақ, жақ, жебе, қорамсақ, оқшантай, аламан, білтелі мылтық, шиті мылтық, алдаспан т.б.

    Кеңес тұсында пайда болған тарихи сөздер: нарком, губком, совдеп, рабфак, жалком (жалшылар комитеті), отарба, тоз, кедейлер комитеті партия ұясы, қзыл әскер, қызыл отау, нэпман, қосшы өзара салық, БК (б) П, ұя хатшы саужой (сауатсыздықты жою) т.б.

          6-слайд: Неологизмдер. Ғылым  мен техниканың, өндіріс пен ауыл шаруашылығының, мәдениет пен тұрмыстың  қанат жайып, кеңінен дамыған шағында жаңа ұғымдарды білдіретін жаңа сөздер тілге топтап енеді. Осындай жаңа сөздер есік ашып өмірге алғаш енген кезінде неологизмдер деп аталады. Неологизмдер тілге сіңісіп, жалпыхалықтық сипат ала қоймаған жаңа сөздер  деген ұғымды білдіреді. Халыққа әбден танылып болмаған, белгілі бір саладағы тар көлемде қолданылып жүрген жаңа сөздердің бәрі де неологизмдердің тобына кіреді. Бір заманда діни оқуды  қоғамнан шеттетіп, жаңа  оқуды өмірге ендірген кезінде осы күнгі мұғалім, мектеп, класс, тақта, парта, оқушы, карта, глобус, компас деген танымал сөздердің өзі қазақ үшін неологизмдер болып саналғандығына ешбір күмән келтіруге болмайды.

 

         Неологизмдер лексикалық және семантикалық болып, екі түрде кездеседі. Лексикалық  неологизмдерге жаңа ұғымдардың тууымен бірге  шыққан жаңа терминдер жатса, семантикалық неологизмдерге калька  тәсілімен сөзбе-сөз  аудару арқылы төл сөзге қосылған жеке мағынаны айтуға болады. Мысалы: жүйе (система), қор (фонд), талдау (анализ), шарт (договор),  кесте (таблица), сурет (изображение), үзіліс (перемена),  белдеу (зона), қорғау (охрана), сынау (проба), сыбаға (удел),  желі (жила), шөгінді (осадки) т.б. Неологизмдер  орыс тіліндегі терминдерді сол қалпында еш өзгеріссіз алу арқылы немесе ана тілінің төл сөзімен беру жолымен жасалады.  Неологизмдер төл сөздермен аударылғанда негізгі сөздік қордың негізінде сөз  тудырудың барлық тәсілдері арқылы жасалады. Мысалы: аялдама, балмұздақ, оқулық, өміршең, үйірме,

       7-слайд: Неологизмдер екі түрлі жолмен келіп шығады. Біріншісінде жаңа сөздер бұрынды-сонды  тілге өмір бақи болып көрмеген, жаңа ұғымдардың пайда болуымен байланысты жасалады. Мысалы:  революция, колхоз, совхоз, кино, театр, телевизор, спутник, ракетчик, бригада, фермер т.б. Екіншісінде бұрыннан тілде бар атауларды жаңартып, ескіні жаңғыртып, жаңаша мән беріп, түрлендіріп қолдану негізінде пайда болады.

 

                                                                                                                     Ұсынылатын әдебиеттер:

    Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006.

    Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 2013.

    Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.

    Жұмабекова А. Қазақ тіліндегі антонимдер сөздігі. Алматы, 2000