Лексикология
Дәріс-8

Артқа Алға

1-слайд: Тілдегі  сөздердің  тұтас  жиынтығы  сөздік  құрам немесе  лексика деп аталады. Сөздік  құрам белгілі  бір халықтың тұрмыс жағдайын,  күнкөріс-тіршілігін, кәсібін түгел қамтып көрсетеді. Белгілі  бір халықтың  қоғамдық, шаруашылық, мәдени тұрмысы-неғұрлым  күрделі болса, соғұрлым сол тілдің  сөздік құрамы  да бай болады деген сөз.

          Сөздік құрамдағы  сөздер қолдану жилігіне қарай актив сөздер және пассив сөздер деп, ең алдымен екі салаға бөлінеді. Актив сөздерге тіл дамуының белгілі бір кезеңінде  осы  тілде сөйлейтін адамдардың бәріне ортақ болып келетін,  күнделікті  өмірде  өзіміз айтып, қолданып жүрген таныс сөздердің  бәрін жатқызуға болады.

          Пассив сөздерге  түсінуін түсінгенмен,  бірақ онша қолдана  бермейтін сөздер кіреді.  Бұған әр ғылымның  өзіне тән тар  көлемдегі терминдері, көнерген сөздер,  диалектизмдер, кітаби сөздер жатады.

        2-слайд: Сөздік құрамындағы  сөздер қолдану  сипатына қарай  бірнеше топқа бөлінеді:

1) сөздің әдеби  және әдеби еместігіне қарай: әдеби лексика мен  диалектілік лексика болып,

2)  әдеби тілдегі сөздердің халыққа  таныс және  онша таныс еместігіне  қарай  жалпыхалықтық лексика мен арнаулы лексика болып,

3)тілдегі сөздің жұмсалу  аясы мен  көркемдік мәніне  қарай бейтарап сөздер мен  экспрессивті сөздер болып бөлінеді.

          3-слайд: Қазақ тілінің негізгі сөздік қоры. Қазақ тіліндегі  барлық сөздердің  жиынтығы сөздік құрам болса,  негізгі сөздік  қор  оның негізгі ұйытқысы, қайнар бұлағы, шығу арналарының ең маңызды  бөлігі болып табылады. Сөздік құрамға  қарағанда  негізгі сөздік  қордың сан мөлшері,  көлемі  әлдеқайда шағын болады. Өйткені оған кез-келген сөз кіре бермейді.  Қоғам, адам өміріндегі  ең қажетті ұғымдарды білдіретін жалпыхалықтық сөздер ғана кіреді.

Қазақ тілі негізгі сөздік қорының  құрамы біркелкі емес. Оның негізінде  түркі тілдеріне  ортақ байырғы сөздер жатыр. Бұлар көбінесе  бір буынды көп мағыналы сөздер: тау, көл, жер, тас, үй, күн,  түн,  ай,  жыл, айт, бар, кел,  жүр, сен,  мен,  ол,  бір, екі,  үш,  төрт, көк, ақ т.б. Сонымен  бірге негізгі сөздік қорға ғасырлар бойы қалыптасқан  қазақтың байырғы төл сөздері кіреді. Мысалы: туыстық атаулар: ата, анна, қарындас,  нағашы, жиен, бөле, құда, құдағи,  жеңге; мал атаулары: түйе, бота, жылқы, сиыр, құлын;  хайуанат атаулары: қасқыр, түлкі, арыстан, қоян, қарсақ; ағаш атаулары: қайың, қарағай,  мойыл,  емен, табылғы, шырша; киіз үй атаулары: шаңырақ, туырлық, кереге, уық,  бақан;  жұмыс құралдарының  атаулары: күрек, балта, балға,ұршық, құрық, пышақ,  біз;  сапалық,  сындық атаулары; жақсы, жаман,  жеңіл, ауыр, қатты, жұмсақ, жылы, суық т.б. Ежелден  сіңісіп жалпыхалықтық сипат алған кейбір кірме сөздер жатады. Мысалы: дастархан, астар,  жеке, жәрдем,  жан-жал,  жануар, сыпайы, қорек, қошемет,  зиян, орамал, ораза, намаз, нан, кітап, базар, мектеп, ғылым, рет,  самауыр, бөтелке, бәтіңке т.б.

          4-слайд: Негізгі  сөздік қордың  мынадай басты белгілерін көрсетуге болады. Бұл белгілер арқылы негізгі  сөздік қордың  сөздік құрамынан өздік ерекшелігін көрсетумен бірге, оған қандай сөздер енетінін  анықтауға болады.

       1) Негізгі сөздік қорға тән басты белгі – тұрақтылық. Оған бірнеше ғасыр бойы өмір сүріп,  барша ұрпақ үнемі қолданып келе жатқан сөздер кіреді.  Осы күнгі қазақ тілінің негізгі сөздік қорындағы  көптеген сөздерді  бұдан бірнеше ғасыр бұрын жазылған ескерткіштерден  кездестіруге болады. Өазіргі тілдің сөздік қоры  - тарихи дамып отыратын категория, ол – бірнеше ғасырдың жемесі. Сондықтан негізгі сөздік қор тек бір буынды сөздерден тұрады деп ойлауға болмайды. Оған неғұрлым кейңн пайда болып, жалпыхалықтық сипат алған, қазақтың байырғы сөздері, кейбір кірме сөздер де кіреді.

      2) Негізгі сөздік қорға тән екінші  басты белгі - оның сөз  тудыруға ұйтқы болатындығы. Негізгі сөздік  қор болмаса, сөздік құрам молайып байымас еді. Әсіресе  негізгі сөздік  қордағы  бір буынды  түбір сөздерден  қаншама сөз жасалып  отырған.  Мысалы; бір-біріне жақын екі мағынада  қолданылатын күн сөзінен  әртүрлі  сөзжасам  тәсілдері арқылы: күндіз, күнгей, күнсу, күнім,  күндік,  күндес,  күншіл,  күндеу, күнделік, күн ұзақ,  күн ілгері, күн бұрын,  күн шуақ, күншығыс, күнбатыс,  күн тәртібі, күн көру,  күн ара, т.б. сөздер жасалған.Негізгі сөздік қорға енетін сөздердің  сөзжасам қабілеті де бірдей емес.  Мысалы, өте көне замандардан  белгілі екеніне қарамастан,  сан есімдерден туған сөздер өте  аз. Ал зат есім  мен етістік түбірлердің көпшілігі сөзжасамда  аса өнімді қызмет атқарады.

    3) Негізгі сөздік қордың  үшінші басты белгісі – оның жалпыхалықтық  сипатында. Негізгі сөздік қорға енетін  сөздерді  қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың  барлығы тек түсініп қоймайды,  оны күнделікті  өмірінде үнемі  қолданып отырады. Бұл арада  адамдардың қызмет,  білім дәрежесіне, кәсібіне, жас мөлшеріне,  байланысты шек қойылмайды.

4) Негізгі сөздік қорға  енетін сөздерге  стильдік қабаттасулар тән емес.  Оған кіретін сөздерді стильдік салалардың жеке түрлеріне  телуге болмайды. Өйткені ол лексиканың  ең негізгі  саласы,  жалпыхалықтық қолданыстағы сөздер.

         5-слайд: Негізгі сөздік қор мен сөздік құрамның арақатынасы. Олар бір-бірімен үздіксіз мынадай қарым-қатынаста болып отырады: 1) Негізгі сөздік қор мен сөздік құрам бір-бірін толықтырып, жаңартып отырады. Тіл дамуының бір кезеңіндегі негізгі сөздік қорға енген сөздер, оның екңншң бір кезеңінде сөздік құрамға ауысады. Мысалы: шидем, қорамсақ, дүре, малай,  т.б. сөздер бір кезде халық өмірінде аса қажет ұғымдарды білдіріп, негізгі сөздік қорда болса, жаңа заманда сол ұғымдардың ескіріп, қолданылмауына байланысты сөздік құрамға ауысып, оның пассив қабатынан орын алады. Керісінше, сөздік құрамдағы электр, автобус, трактор, комбайн,  т.б. сөздер тілге кейін енгеніне қарамастан, жалпыхалықтық сипат алып, негізгі сөздік қорға ауысып отыр.

2) Негізгі сөздік қордың сөз тудыруға ұйытқы болатын қасиетінің арқасында   сөздік құрам үнемі жетіліп, толығып отырады.

6-слайд: Қазақтың байырғы төл сөздері. Қазақтың байырғы төл сөздері дегеніміз – халқымыздың өмір тіршілігі, тұрмысы, шаруашылығы, мәдениеті, дүниетанымы мен түсінігіне байланысты жалпыхалықтық сипат алған сөздер. Қазақтың байырғы төл сөздері қазақ тайпаларының қыпшақ қауымынан бөлініп шығып, XV-XVI ғасыр мен XIX ғасыр арасында өз алдына халық болып біріккен кезінде пайда болған.  Төл сөздер тек қазақ тіліне тән және түркі халықтарына ортақ сөздерден тұрады. Түркі тілдеріне ортақ сөздердің көпшілігі қазақ тілінің де төл сөзі болып келеді.

 

Түрік тілдерінің тектестігін дәлелдейтін ортақ сөздердің мынадай түрлері кездеседі:

    Анатомиялық атаулар: бас, құлақ, көз, қас, аяқ, тізе, буын, шаш, төбе, мандай, кірпік, қол, ауыз, тіс, бел, арқа, ерін, жақ, т б.

    2Мал атаулары: құлын, тай, бие, қысырақ, айгыр, ат, жылқы, інген, түйе, бура, бота, бұқа, өгіз, сиыр, бұзау, қой,қозы, лақ, т. б.

    Туыстық атаулар: ата, ана, іні, келін, қатын, абысы күйеу, ұл, қыз, ер, аға, құда, жиен, нағашы, бажа, әке, шеше,жезде, балдыз, сіңлі, бөле т. б.

    Жан-жануар, ан, жәндік атаулары: қоян, түлкі, тиын,арыстан, піл, доңыз, аю, шымшық, қаршыға, қырғи, қарқақұс, буркіт, қаз, уйрек, ит, жылан, бүрге,қандала, маса, тышқан т. б.

    Табиғат құбылыстарының атаулары: жел, су, өзе, көл, агаш, тас, ай, күн, жұлдыз, үркер, кұм, саз, түн, түс, жауын, бұршақ, қар, жер, тау, теціз, жаз, күз, таң т. б.

    Түр-түсті, сапа-сынды білдіретін атаулар: кызыл, жасыл, қара, сары, ақ, көк, қоңы, жирен, торы, қысқа, ұзын, қалың. жуқа, биязы, ауыр, т. б.

    Сан есімдер: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, жиырма, отыз, қырық, елу, жүз, мың, жарты т.б.

Есімдіктер: мен, сен, ол, біз, анау, сонау, кім, не, қайсы, қалай канша, неше, барша, өзі, ешкім, ештеңе, түгел т. б. К

Қимыл атаулары: кел, кет, жүр, кір, бар, қаш, көгер, ал, бер,қой, кал, т. б.

10 Үстеулер: ерте, кеш, ілгері, жоғары, төмен, қашық, алыс, шалғай, тез, жылдам, бұрын, түнде, жазда, қыста, күзде, жай, бәсен, т, б.

11 Шылау сөздер: немесе, мейлі, дейін, соң, түгіл, таман, үшін, мен, да, және, тұрмақ т.б.

      Байырғы төл лексиканың құрамындағы жалпытүркілік сөздер мен негізгі сөздік қордан тыс мол қабаты тіліміздегі тарихи тума сөздермен байланысты. Тарихи тума сөздер тіліміздегі сөзжасам тәсілдері арқылы пайда болған. Синтетикалық, аналитикалық, лекика-семантикалық.

          Түрік тілдеріндегі мұндай ұксастық бұл халықтардың негізі бір туыстас халықтар екендігін дәледейді. Алайда бұл тілдердің өзара ұқсастығы мен арақатынасы нақ бірдей емес. Біреулері тым жакын болса, екіншілері өзгешелеу, алысырақ. Тілдік жалпы ұқсастык, жақындастық белгілеріне қарай түрік тілдері іштей бірнеше топқа жіктеледі. Қазақ тілі туыстық жақындастық жағынан түрік тілдерінің ішіндегі қарақалпақ, ноғай, қырғыз, башқұрт, татар, құмық тілдерімен топтасып, түрік тілдерінің қыпшақ тілі тобын (батыс тобын) құрайды.

 

       7-слайд: Қазақ лексикасындағы кірме сөздер. Тілдің сөздік құрамының толығып кемелденуі бір ғана өзінің ішкі мүмкіншіліктері арқылы болып қоймайды. Сонымен қатар өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден ауысып алу арқылы да тіл өзінің сөздік құрамын байытып жетілдіріп отырады.

Араб – парсы тілдерінен енген сөздер. Қазақ тілі лексикасынан орын алып, қазақ халқы сөздігінің бір арнасы болған араб, парсы, иран тілдерінен қазақ тіліне сөз ену ертеден, сонау VIII-IX ғасыр шамасынан басталады. VIII ғасыр шамасында Арабтар Орта Азия және Қазақстан жерін басып алады. Басып алған жерлерінде дінді уағыздайды. Соған байланысты діни кітаптар пайда болады. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы, иран сөздерін мынадай топтарға бөлуге болады:

    Оқу білім, ғылым мен мәдениетке байланысты сөздер: Ғылым, ғалым, өнер, мәдениет, мәдени, кәмелет, хат, қалам, кітап, емтихан, емле, тарих, дәптер т.б.

    Абстракт жалпылама атаулары: абырой, мейір, парыз, нәпсі, қадір, құрмет, пейіл, несіп, тағдыр т.б.

    Адамды әр алуан жақтан білдіретін сөздер: бейбақ, пақыр.

    Әлеуметтік жағдайға байланысты сөздер: әлеумет, мекеме, арыз, әдет т.б.

    Дінге байланысты сөздер: тұмар, шариғат, зекет, муфти т.б.

    Парсы-ирандық сөздер: дұшпан, дос, дүние, баға, пайда т.б.

    Кісі атаулары: Жаппар, Ғабит, Сәбит, Райхан т.б.

    Уақыт атаулары: дәуір, дәурен, заман, ғасыр, маусым.

    Түрлі құбылыс атаулары: дүние, сағат, табиғат, сахара, мекен, мүлік.

     Араб-парсы тілдерінен енген сөздер ауызша қабылданғандықтан фонетикалық өзгерстерге ұшырап, қазақ тілінің дыбысталу заңына сай қолданылып, басқа тілден енгендігі аңғарылмайтындай халге түскен.

        8-слайд: Орыс тілі және орыс тілі арқылы енген сөздер. Орыс тілі және орыс тілі арқылы енген сөздер екі топқа бөлінеді: 1) Қазан төңкерісіне дейін енген сөздер; 2) Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде енген сөздер.

         Қазан төңкерісіне дейін енген сөздер араб-парсы сөздері сияқты ауызша енгендіктен фонетикалық өзгерістерге ұшыраған. Мысалы: жәшік, самаурын, бәтеңке, бөтелке, болыс, сот, түрме, т.б. Ал Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде енген сөздердің айтылуы да жазылуы да орыс тіліндегі қалпын сақтаған. Бұл сөздердің қазіргі әдеби тілде молдығы қоғамдық-саяси, мәдени, оқу, ғылым, техника, сауда, спорт, әскери ұғымдарға тікелей байланысты.

         9-слайд: Басқа тілден сөз алу тіл-тілде екі түрлі жолмен іске асады: 1) Тікелей сөз алу; 2) Калькалау жолымен алу. Жоғарыда аталған араб-парсы, орыс тілдерінен енген сөздердің бәрі тікелей сөз алуға жатады: Мысалы, кітап, қалам, мешіт, доктор, кредит, театр, т.б.

         Сөздің құрылысын сақтап аудару арқылы сөздің мағынасын беру толық калькалау деп аталады. Мысалы: қатынасушы – участник, учитель – оқытушы, шешім – решение т.б.

        Ал өзге тілден сөз, морфемалары толық аударылмай құрамына төл сөз компонеті араласып алынса, онда ол жартылай калькалау деп аталады. Мысалы: тракторшы - трактарист, боксшы-боксер. Сонымен қатар өзге тілдердегі сөздерді аударғандатек мағынасы алынады да, оған ана тілінен балама табу жолы бар. Бұлайша сөз байыту жолын семантикалық калька деп атайды. Мысалы: балмұздақ – мороженое, түйсік – ощущение

                                                                                                                   Ұсынылатын әдебиеттер:

    Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006.

    Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 2013.

    Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.

    Жұмабекова А. Қазақ тіліндегі антонимдер сөздігі. Алматы, 2000