Лексикология
Дәріс-10

Артқа Алға

1-слайд: Сөздік құрамындағы  сөздер қолданылу  аясына  қарай,  екі үлкен салаға бөлінеді. Олар: 1) жалпыхалықтық лексика; 2) қолданылу өрісі тар лексика.

Қоғам мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасы олардың бәріне ортақ тіл арқылы жасалады. Ол ортақ тіл жалпыхалықтық тіл (лексика) деп аталады. Қолданылу ерекшелігіне қарай жалпыхалықтық тілдің ауызша және жазбаша түрлері болады. Мысалы: ай, екі, аспан, қар, адамгершілік, адам, студент, кел, жиырма т.б.

Бұл саладағы сөздер қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың барлығына да ортақ, бұлар ешқандай мамандық пен кәсіпке қарай жарылып бөлінбейді. Сондықтан мұндай сөздер жалпылама халықтық лексика деп аталады.

Ал қолданылу өрісі тар лексикаға таралу аясы шектеулі, белгілі территорияда ғана пайдаланылатын диалект не әлеуметтік ортаға қызмет ететін кәсіби сөздер, терминдер, жаргон сөздер жатады. Мысалы: бадыран, сым, самар, ақұршық т.б.

 

    2-слайд: Әдеби тілде қолданылмайтын, тек белгілі бір территорияда тұратын халық тілінде ғана кездесетін сөздер диалект сөздер деп аталады. Жергілікті диалектілердің белгілі бір шағын аймақтарын қамтитын бқлігі сөйленәс немес говор деп аталады.  Мысалы. Шу говоры, Маңғыстау говоры т.б. Диалект сөздер әдеби тілге қатысына қарай бірнеше түрге бөлінеді:

    Лексикалық диалектизмдер;

    фонетикалық диалектизмдер;

    грамматикалық диалектизмдер.

          1) Лексикалық диалектизмдер деп аңғартатын ұғым жалпы халық тілінде басқа сөздермен аталатын, әдеби тілде кездеспейтін түбір сөздерді айтады. Ондай сөздердің әдеби  тілде баламалары болмағандықтан, мағыналары сөздіктерде тек түсіндіріліп  беріледі. Мысалы: Сәйпіл (Алматы, Кеген) – қорған, қамал; ұлыр (Шымкен, Қызылорда) – қисын, рет, жөн; жозы (Алматы облысы) - аласа дөңгелек үстел, самар (Маңғыстау) – шылапшын, нән  (Маңғыстау) – үлкен т.б.

          2) Фонетикалық диалектизмдерге әдеби тілдегі сөздердің жергілікті жерлерде фонетикалық өзгерісте айтылатын сөздер жатады. Мысалы: о/ұ сәйкестігі: дұмалау-домалау, сұрақты-сорақы, сұнар-сонар т.б. а/ы: шырлау-шарлау, тымтық-тамтық, А/ә: дәнә-дана, кәте-қате, зәлім-залым т.б.

          3) Грамматикалық диалектизмдер деп әдеби тілдегі сөздерге диалектизмге тән жұрнақтар жалғану арқылы жасалады. Мысалы: мейманқос – меймандас, тұзды-тұздық, еңку-еңіс т.б.

 

          3-слайд: Арнаулы лексика дегеніміз қоғамдағы өзара ыңғайлас әр түрлі әлеуметтік топтардың мамандығына, қызметіне, шұғылданатын кәсібіне байланысты қалыптасқан сөздері мен  сөз қолданыстары. Арнаулы лексика: кәсіби сөздер және кәсіби терминология деп аталатын екі салаға бөлінеді. Кәсіби сөздер белгілі бір кәсіпке байланысты қалыптасқан сөздер мен сөз тіркестері. Кәсіби сөздер әр түрлі аймақтың өз шаруашылығына байланысты қалыптасқандықтан таралу аясының шектеулігі жағынан диалекті сөздерге өте жақын. Енді бір жағынан кәсіби сөздер белгілі шаруашылық ұғымдарының атауы ғылыми терминдерге де жақын. Сондықтан да бау-бақша, мақта, күріш, балық, аң аулауға байланысты терминдердің дені сол шаруашылыққа байланысты кәсіби сөздерден жасалады. Бірақ кәсіби сөздердің барлығы ғылыми термин бола алмайды.  

          Кәсіби терминология  дегеніміз ғылым, техника, өндіріс, т.б. саласындағы арнаулы ұғымдар мен зат атауларын дәл білдіру үшін  жасалған сөздер мен сөз  тіркестерінің жиынтығы Мысалы: сана, мишық, ағза, сөз табы, зат есім, феодализм,  т.б.

 4-слайд: Қазақ тіліндегі кәсіби сөздердің түрлері:

     1) Мал шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер: құлыншақ, тай, жабағы, бұзау, торпақ, тана, қозы, дақ, теке, серке, шыбыш т.б.

      2) Бау-бақша шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер: алхоры, мұсала, қыртыс, кеселеу, көздеу, інжір, торлама, атыз, т.б.

      3) Балық шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер: абақ, қаяз, алабұға. қызылбалық, бекіре, ау, шабақ, жұьпа т.б.

     4) Тігіншілікке байланысты кәсіби сөздер: көктеу, қаю, сырма, ою, бүрме, пішім, сабақтау, көктеу, қалта, қатырма т.б.

      5) Етікшілікке байланысты кәсіби сөздер: қоныш, сірі, өкше, ұлтан, қалып, мәсі, кебіс, созан, белтір т.б.

       6) Су шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер: әнер, бас арық, құлақ, ақаба, күп, орпа, бөгет, салма т.б.

      7) Мақта шаруашылығына байланысты кәсіби сөздер: қос құлақ, қоза, шанақ, көсек, көсек аршу, терім, шит, ақ май т.б.

          5-слайд: Терминдер дегеніміз ғылым мен техника, ауыл шаруашылық т.б. өндіріске байланысты ұғымдардың   атауы. Демек,  термин сөздердің термин емес кез келген сөздерден ең басты айырмасы ғылым, техника т.б.  саласындағы  арнаулы ұғымдарды дәл анықтап білдіретіндігінде.                      Терминдердің  пайда болуы ғылым мен техниканың дамуымен тығыз байланысты. Терминдер негізінен бір дара ұғымды нақты білдіретіндіктен, көбінесе бір мағыналы болып келеді.Сонымен қатар  өз мәнінде  терминдерге стильдік  эмоциялық мән болмайды. Терминдердің мағынасы жылжымалы, өзгермелі емес,  әрқашан тұрақты болады да,  ғылым мен техниканың бір саласына меншіктеліп, соған түпкілікті қызмет атқарады. Сондықтан терминдер жалпылама ортақ сөздерден ерекшеленіп,  арнаулы сөздер тобына  жатқызылады.

          Бір тілдің  шеңберінде қолданылатын терминдердің жиынтығы терминология деп аталады. Терминология әдеби тіл лексикасының бір саласы болып табылады. Қазақ терминологиясы  қазіргі таңда жан-жақты қарастырылып, қауырт  жиналып терілуде.  Терминдердің  отыздан аса сөздігі басылып, шықты. Дегенмен, қазақ  терминологиясы әлі де  байсалды түрде үңіле қарап, тереңірек зерттеуді қажет етеді.

 

     6-слайд: Ғылым саласына қатысты терминдердің түрлері:

    Тарих терминдері: формация, қоғам, феодализм, капитализм, тайпа, ру, ұлт, революция, мемлекет, жорық, т.б.

    Тіл біліміне қатысты терминдер: жұрнақ, жалғау, зат есім, туынды сөз, сөзжасам, фонетика, сөйлем, фонема, әрім, сингорманизм, морфология т.б.

    Әдебиеттану ғылымына қатысты терминдер: поэма, шумақ, әңгіме, метофора, кейіпкер, теңеу,

    Философия ғылымына қатысты терминдер: объект, субъект, сана, шындық, таным, материя, идея, метафизика т.б.

    Физиология терминдері: ми, мишық, жұлын, ағза, қар, білек, тірсек, иек, жақ, мойын, өкпе, бауыр, жүрек, өт т.б.

    Әскер терминдер: батальон, дивизия, офицен, сарбаз, ария, сап, штаб, т.б.

 

                                                                                                               Ұсынылатын әдебиеттер:

    Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006.

    Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 2013.

    Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.