Артқа
Алға
1-слайд: Антоним (гр. antі – қарсы, onoma – ат, атау) – мән-мағынасы бір-біріне қарама-қарсы қолданылатын сөздер. Лексикологияда құбылыстың (күн – түн), ұғымның (бақ – сор, жақсылық – жамандық), сапаның (жаңа – ескі), қимылдың (кіру – шығу), т. б. қарсы мәндегі сөздердің мағыналары антонимдік жұп құрайды. Заттың атауын білдіретін сөздердің антонимдік жұбы болмайды. Сонымен қатар антоним қарама-қарсы мағына арқылы сөздердің мағыналық тұтастығы мен біртектілігін де білдіреді. Антоним сөздің дәл, нақты мағынасын салыстыру тәсілі арқылы айқындап, стилистикалық қызмет атқарады. Әсіресе, мақал-мәтелдерде жиі қолданылады. Мысалы, «Көз – қорқақ, қол – батыр», «Өтірік – қаңбақ, шын – салмақ». Қазақ тілінде фразеологиялық антонимдер көп кездеседі: аты шықты – аты өшті, жүрек жұтқан – су жүрек, соры қайнады – көзі ашылды.
Антонимдер дүниедегі заттардың, құбылыстардың сын-сапасын, артық-кем қасиетін, мөлшер, көлемін салыстырып, бір-біріне қарама-қарсы қоюдан шығады. Нақтырақ айтқанда, антонимдік қарама-қарсылық сапалық ұғымды білдіретін немесе сапалық мәні бар сөздерден ғана пайда болады. Сондықтан қазақ тілінде антонимдер көбіне сын есімдерден болады, онан соң етістіктер, зат есімдер, үстеулерден азды-көпті кездеседі. Ал қалған сөз таптарынан жасалған антонимдер тым тапшы, жоқтың қасында.
Сын есімге тән антонимдердің мынадай түрлері бар: а) түбір күйінде кездесетіндер:ауыр-жеңіл, кең-тар, ыстық-суық, үлкен-кіші, жас-кәрі, ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: ашық-жасырын, өзімшіл-көпшіл, ашық-жабық, тілазар-елгезек,
Қазақ тілінде сындық мағынадағы туынды антонимдер көбінесе-лы,-лі,-ды,-ді,-ты, ті жұрнақтары арқылы антонимнің жағымды сыңарларын жасайды да, ал жағымсыз мағыналары сыңарларын –сыз,-сіз жұрнақтары жасайды.
Мысалы: 1. Ер жігіт бірде малды, бірде малсыз,
Арғымақ бірде жалды, бірде жалсыз
2.Өнерлі жігіт өрде озар,
Өнерсіз жігіт жер соғар.
Сол сияқты сын есімнің –ғы,-гі,қы,-кі жұрнақтары арқылы да туынды антонимдер жасала береді. Мысалы: бастапқы-соңғы, бұрынғы-қазіргі, үйдегі-түздегі, сыртқы-ішкі,
Етістікке тән мынадай антонимдер бар: а) түбір күйінде кездесетіндері: өлу-туу, жылау-күлу, жану-өшу, қону-ұшу, шашу-жинау, бару-қайту, ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: қартаю-жасару, жоғарылау-төмендеу, татуластыру-араздастыру,
Зат есімге тән антонимдер не негізгі және туынды түбір күйінде кездеседі: а) түбір күйінде кездесетіндері: өтірік-шын, обал-сауап, алғыс-қарғыс, ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: аласы-бересі, байлық-жоқтық, кісілік-иттік,
Үстеуге қатысты антонимдер: ерте-кеш, ақырын-шапшаң, ілгері-кейін, жоғары-төмен, алыс-жақын, әрі-бері, сылбыр-тез т.б.
Есімдікке қатысты: анау-мынау, әне-міне, осы-сол тәрізді бірен-саран антонимдер ғана ұшырасады. Тілде қарама-қарсы ұғыммен қатар кейде аралық ұғым да кездеседі. Мәселен, ерте мен кештің арасында.
2-слайд: Антонимлердің түрлері. Шығу тегіне, пайда болу сипатына қарай антонимдер: 1) объективті қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер; 2) субъективті-прагматикалық қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер болып екіге бөлінеді.
Объективті қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер ақиқат өмірден алынып, тікелей қарама-қарсы қойылатын лексикалық мағыналар. Олар да өз ішінде: а) абсолютті қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер; ә) салыстырмалы қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер деп екіге бөлінеді. Абсолютті қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер табиғатында бір-біріне қарама-қарсы заттардың, құбылыстардың атауы болып келеді: туу-өлу, өмір-өлім, күн-түн, сөйлеу-үндемеу. Салыстырмалы қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер заттар мен құбылыстардың белгілерінің, сапасының атауы болып келеді: жақсы-жаман, үлкен-кіші, ұзын-қысқа т.б.
Ал адам санасында жанама, бейнелі түрде қарама-қарсы қойылатын лексикалық мағыналар субъективті-прагматикалық қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер деп аталады. Қоғамдық тәжірибе арқылы заттың түр түсі, сыны, сапасы, көлемі, дәмі, қарқыны, және т.б. толып жатқан қасиеттері толық танылады. Олардың әр қасйсысына субъективті баға беріледі, бір сапа екінші сапаға, бір сипат екінші сипатқа қарама-қарсы қойылады. Осыдан келіп прагматикалық (бейнелік) антонимдер пайда болады. Мысалы: ақ-қара, зиян-пайда, араз-тату, адал-арам, дұрыс-бұрыс т.б.
3-слайд: Тілдегі антонимдер қарама-қарсы құбылыстарды біріне-бірін шендестіріп салыстыру арқылы күшті стильдік мән тудырады. Сол себептен антонимдер мақал-мәтелдерде жиі қолданылады. Антонимдерді қолданудың негізінінен үш жолы бар:
Антонимдер бір сөйлемнің өз ішінде салыстырылып айтылады. Мысалы: Еріншек егіншіден, елгезек масақшы озады. Ақымақ бұзуға бар, түзеуге жоқ.
Антонимдер іргелес сөйлемде қарама-қарсы қойылып, шендестіріледі. Мысалы: Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі. Жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден.
Антонимдер ыңғайласып, кезектесіп қатар жұмсалады. Мысалы: Палуанға оң, терісі бірдей. Ит үрер жақсыға да, жаманға да.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006.
Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 2013.
Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.
Жұмабекова А. Қазақ тіліндегі антонимдер сөздігі. Алматы, 2000