Артқа
Алға
1-слайд: Әр түрлі дыбысталатын, мағынасы бір-біріне жақын сөздер синонимдер деп аталады. Синонимдер мынадай белгілеріне қарай топтастырылады. 1. Сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет. 2. Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі қажет. 3. Сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуыға тиіс. Бұл үш белгі - сөздерді синоним деп танудағы басты шарт.
Синоним болып жұмсалатын мәндес сөздердің тобын синонимдік қатар немесе синонимдік ұя деп атайды. Синонимдік қатарға енген сөздердің ішінен бір сөз басқаларын мағына жағынан ұйыстыруға ұйтқы болатын тірек сөз деп таңдаланып алынады. Бұл тіл білімінде доминант (тірек сөз) деп аталады. Мәселен, ас-тамақ-дәм-тағам-ауқат.
2-слайд: Тілдегі синонимдер әр түрлі жолдармен пайда болады. Қазақ тіліндегі синонимдердің келіп шығуының мынадай жолдары бар:
Синонимдер көп мағыналы сөздердің есебінен жасалған. Мысалы: көз-жанар-сұқ көз-әйнек;, көз-бұлақ-бастау-қайнар; тура-дұрыс-жөн; тура-дәл-шақ т.б.
Синонимдер сөзжасам тәсілдері арқылы пайда болған; а) аффикстер арқылы: ауыздық-сулық, жемтік-өлімтік, басшы-жетекші, жемқор-парақор, өнім-түсім, б) қосарлау арқылы: ат-тұрман-ер-тоқым; жоқ-жітік-кедей кепшік-жарлы-жақыбай; алқн-толқын-аумалы-төкпелі; өліп-өшу-сүйіп-құшу-айналып-толғану, в) тіркесу арқылы: иіс су-иіс май, іш мерез-жылым құрт, көк ет-бауыр ет; г) омонимдер арқылы: табандау-ұлтандау, табандау-сіресу-қасарысу-қырсығу-қыңыраю т.б.
Синонимдер кірме сөздер арқылы пайда болған: а) араб сөздері арқылы: халайық (халаиқ)-халық, жұрт, көпшілік; ақиқат (хәқиқат)-шындық, растық, отан (уәтан)-ел, туған жер; әскер (ғәскер)-жасақ, қол, шеру, қосын; уәлаят-(уилаят)-өлке, облы т.б.; ә) парсы сөздері арқылы: батыр (баһадор)-батыл, ер; дихан (дәһқан)-егінші; шәкірт (шагирд) - оқушы; мейман (меһман)-қонақ; зор (зур)-үлкен, дәу т.б.; монғол сөздері арқылы: аймақ (аймаг)-өңір-атрап-төңірек-маңай; жасақ (жасаг)-әскер, қол; дарқан (дархин)-жомарт, мырза, кең пейіл; үдере (өдер)-жедел, тоқтаусыз, жаппай; шешен (сәцен)-ділмәр-сөзшең т.б.; в) орыс сөздері арқылы: бөтелке (бутылка)-шыны, шөлмек; шен (чин)-атақ, дәреже, лауазым; бишік (бичик)-өзіз қамшы, кір (гиря)-таразы; сома (сумма)-ақша, баға, құн; рет (ряд)-мәртебе т.б.
Синонимдер диалектизмдердің есебінен жасалған. Диалектілік синонимдер әдеби тілдегі сөздермен мағыналас, мәндес келуіне қарай екі топқа бөлінеді, а) сыртқы тұлғасы (дыбысталуы) бөтен (әдеби тілде кездеспейтін ), бірақ әдеби сөзбен мағынасы үйлес келетін сөздер. Мысалы: аданас-аталас, ағайындас; ә) сыртқы тұлғасы таныс ( әдеби тілде кездесетін), бірақ білдіретін ұғымы басқа сөздер. Мысалы: астана-табылдырық; жар-қабырға; жедел-ерегес, жанжал; көң-қыстау; сым-шалбар,
Синонимдер фразалық тіркестердің себебінен көбейген. Мысалы: ат ұстар-ұл, еркек бала; ауыз бастырық-пара, қара халық-бұхара, еңбекші; қара мал-сиыр; о дүние-махшар; туған жер-отан.
Синонимдер табу мен эвфемизмдердің есебінен молайған. Мысалы: әулие-шешек, ит құс-қасқыр; жасыл-жай, найзағай; қолды болу-ұрлану,
3-слайд: Тілдегі синонимдер үш түрге бөлінеді: а) мағыналық синонимдер, ә) стильдік синонимдер, б) мағыналық-стильдік синонимдер.
Әрқайсысының өзіне тән мағыналық реңкі бар, стильдік жағынан шектелмейтін, тілдегі барлық салада талғаусыз, жалпылама қолданыла беретін синонимдер мағыналық синонимдер деп аталады. Мысалы: абырой-бедел-қадір, азайту-алу-кеміту-шегеру, батыл-өжет-өткір т.б.
Стильдік синонимдер деп мағына жағынан ұқсас (тең) бола отырып, бір-бірінен стильдік бояуы арқылы өзгешеленіп мәндес сөздердің түрлерін айтамыз. Мысалы: ат-есім-ныпсы, бәсеке-бақас, жазғыру-күстәналау, жылау-еңіреу, өкпелеу-бұртию, бірсыпыра-бірғауым, жуас-бұйығы, таңертең-азанда, үлкен-дөкей т.б.
Тілдегі синонимдер бір-бірінен не мағыналық жағынан, не стильдік мәні жағынан өзгешеленіп, бірыңғай болып келе бермейді. Олар кейде әрі мағыналық, әрі стильдік белгілері арқылы ерекшеленеді. Синонимдердің осындай түрлері мағыналық-стильдік синонимдер деп аталады. Мысалы : іздену-тімтіну, мақтаншақ-бөспе, тақия-төбетей-кепеш, сасу-иістену-мүңку-аңқу т.б.
4-слайд: Синонимдерді қолданудың тілімізде мынадай негізгі тәсілдері бар:
Алдыңғы сөйлемде немесе қатар тұрған тексте бір рет пайдаланған сөзді қайталмас үшін қолданылады. Мысалы: көл тартылар, дария сарқылар, бірақ күнекейдің күші сарқылмас.
Белгілі бір ұғымды түрлі белгілермен жан-жақты сипаттап көрсету үшін синонимдер бір-біріне қарсы қойылып та, салыстырылып та, ыңғайластырылып та келе береді. Мысалы: Бет көрсе, жүз ұялады (мақал). Жасыл шөбің, жұмсақ көгің Жібек емей немене.
Белгілі бір ұғымды толық қамтып көрсету мақсатымен, бірнеше синоним қатарма-қатар қолданылады. Мысалы: Жылатушы көп болса, уатушысы, жұбатушысы да мол болған ел сорлы бола ма?
Синонимдерді жекелеп те кезектестіріп те, жұптап та, топтап та қолданғанымыз сияқты, оларды қосарлап та (қосақтап та) пайдаланамыз. Мысалы: күш-қуат, аман-сау, өніп-өсу, ар-ұят, өткен-кеткен, даусыз-талассыз, қорқытып-үркіту т.б. Екі синоним сөз қосарланып қолданғанда бұлардың білдіретін ұғымының көлемі кеңейеді.
Тілімізде екі мәндес сөз қатар келіп, алдыңғысы соңғысынан анықтап, мағынасын күшейтеді. Мұндай сөз қолданысын тіл білімінде плеоназм немесе плеонастикалық сөз тіркесі деп атайды.
Синонимдерді плеонастикалық тәсілмен жұптап қолдану жекелеп қолданғаннан гөрі әлдеқайда мәнерлі. Мысалы: кең байтақ ел, айдын шалқар көл, қырмызы қызыл жібек, заңғар биік тау, зәулім биік үй.
Синонимдер жеке сөздер ғана емес, фразалық тіркестерден де жиі ұшырасады. Көңілдегі көрікті ойды сөзбен кестелеп айтып, беруде фразалық тіркестер тілде орасан зор қызмет атқарады. Мәселен: Кеңес Армиясы 1945 жылы неміс басқыншыларын талқандады деген сөйлемдегі талқандады деген сөздің орнына жермен жексен етті, күлін көкке ұшырды десек, сөзіміз тыңдаушыға әлдеқайда күшті әсер етеді, әрі тартымды да мәнерлі болады.
Синонимдерді қолданудың тағы бір тәсілі-парафраза. Бұл сөздің мәнісі-жеке сөздің орнына оның түсінігін сипаттап беру. Мәселен, Алматы дегеннің орнына, Қазақстанның астанасы,М.Әуезов дегеннің орнына «Абай жолы» романының авторы, Күләш деудің орнына қазақтың бұлбұл әншісі деп қолдануға болады.
5-слайд: Сөздің лексикалық бірлігінде ешқандай өзгешелігі жоқ, морфемдік құрамы ұқсас (үйлес) құрылымдарды сөз варианттары дейміз. Мысалы: риза-разы-ырза, дәнеме-дәнеңе, ештеме-ештеңе, әжім-ажым, әжуа-ажуа, үлгіру-үлгеру, суару-суғарту, түгендеу-түгелдеу, жұбану-жуану-уану, ұқсау-ұсау, тырнақтау-тірнектеу, айқай-айғай, қария-кәрия. Бұл сияқты түрлену сөздің лексикалық мағынасын өзгертуге пәлендей себеп бола алмайды. Сондықтан да бұлар әр басқа сөз емес, неше вариант болса да, бір сөз ретінде танылады.
Сөз варианттары мынадай үш түрлі белгі арқылы ажыратылады: а) сөздің түбірлерінде ортақ ұқсастық болуы қажет, ә) лексика-сематикалық жалпылығы (ұқсастығы) сақталу керек, б) дыбыстық өзгешелігі лексика-семантикалық өзгеріс тудырмауға тиіс.
6-слайд: . Мифтік ескі наным бойынша атын тура айтуға тыйым салынған сөздер тіл білімінде табу деп аталынады. Өткен замандарда адамдар арасында өмірді жете танып білмеу салдарынан, зат пен оның атауының арасында табиғи байланыс бар деп қате түсінушілік болған. Адамзат өзі тудырған кейбір сөздерді күнделікті тұрмыста өз атымен атамай, басқаша атауға мәжбүр болған. Мұндай тйым салынған сөздер дүние жүзіндегі халықтардың көпшілігінде кездеседі. Бұл әдет әсіресе түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының өмірінде де кең тараған.
Қазақтың ескі әдет-ғұрпы бойынша келін болып түскен қыз күйеуінің туған-туыстарын өз атымен атамайтын болған. Солардың әрқайсысына лайықтап (жолына, жасының үлкен-кішісіне қарай) өз тұсынан басқадай ат қоюға мәжбүр болған. Мәселен, қызға-қара көз, бикеш, шырайлым, еркежан десе, ұлға-кекілдім, айдарлым, тұлымдым, шырақ, тетелес, мырза жігіт, төре жігіт, мырза аға, би аға делінген.
Қазақ тіліндегі табудың ендігі бір түрлері табиғаттың дүлей күшімен, адамды опат қылатын ауру аттарымен, қаскүнем жыртқыш, аң-жәндіктермен тікелей байланысты шыққан. Мәселен, революцияға дейінгі қазақ ауылында жай түсті десек, «адамға қырсығы тиюі мүмкін» деген наным бойынша, оны жасыл деп атайтын болған. Шешек ауруының атын атасақ, «жұғады», «жабысады» деген сенімге байланысты оның атын тура атамай, әулие, қорасан, мейман, қонақ деп өзгеше атаған. Қасқырды қасқыр деп атасақ естіп қойып, «малымызға шабады» деп қорқып, оны итқұс, қара құлақ, серек құлақ, ұлыма деп атайтын еді.
7-слайд: Қазақ тілінде эвфемизм тәсілімен сөз алмастырудың мынадай жолдары бар:
Ауру аттары алмастырылады. Науқас адамның көзінше аурудың нақ өзін атамай, оның жеңілірек түрін айту дәстүрі бар. Мәселен, туберкулез немесе құрт ауру, деудің орнына өкпе ауруы, рак немесе қылтамақ деудің орнына жаман ауру деп мағынасы қатты тиетін сөздерді жұмсақ сөздермен алмастырып қолданады.
Адамның дене мүшелеріндегі кем-кетік атаулары басқа сөздермен алмастырылады. Мәселен, ауру, жарымжан, мүгедек адамды дімкәс деген сөзбен, саңырау, керең деген сөзді құлағының мүкісі бар, сараң естиді, құлағы тосаң деген сөздермен, аяғы ақсақ дегенді аяғының ақауы бар деп алмастырып айта беруге болады.
Мағынасы айтушы мен тыңдаушыға бірдей соншама жағымсыз, дөрекі сөздер алмастырылады. Мәселен, нәжіс, қи, несеп, үлкен дәрет, кіші дәрет, дәрет сындыру, ұлы жарақ дегендердің бәрі де белгілі контексте сыпайылық мән тудырады.
Үйлену мен тұрмыс құруға байланысты сөздер алмастырылады. Мәселен, тұрмыс құру, тұрмысқа шығу, баласын құтты орнына қондыру, баласын аяқтандыру, қолына құс қондыру, үйлі-барынды болу, семья құру, отау тігу, бөпелі болу, аяғы ауыр тәрізді сөздер үйленуге байланысты айтылады.
Қоғам өміріндегі адамдардың бір-бірінің жағымсыз қарым-қатынастарына қатысты сөздер басқа сөздермен алмастырылады. Мәселен, ауыз жеңіл, қолының жымысқысы бар, қосып айтады, ауыз бастырық, сөзге келу, бет жыртыспау, жасы ұлғаю, қалтасы тесік, көзіне шөп салды, жаяу почта, ұзын құлақ, аузының желі бар, ішінде бүкпесі бар, сымсыз телефон дегендер сыпайылық мәнде айтылады.
8-слайд: Күнделікті қарым-қатынаста мағынасы жағымсыз тұрпайы сөдерді жағымды сыпайы сөздермен алмастырып қолдана-тындығымыз сияқты тілде әдепті сөзді (дөрекі) сөздермен де ауыстырып айта беру әдеті болады. Мұндай құбылысты тіл біліміне дисфемизм немесе какофемизм деп атайды. Дисфемизм- мағынасы жағынан эвфемизмге қарама-қарсы құбылыс.
Дисфемизм кеміту, қорлау, іске жаратпау ұғымын тудырады. Мысалы: боқ мұрын бала, боқтан өзгені сөз қылды, боғымен жасты баламен ойнады.
Дисфемизмдер-әдеби тілдің үлгісіне жатпайды. Бұлар көбінесе көркем шығармада ауызекі тілдің сөйлеу үлгісі ретінде кейіпкерлердің тілінде ұшырасады.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2003.
Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 2013.
Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.