Лексикология
Дәріс-5

Артқа Алға

1-слайд: Тілдің байлағы мен даму дәрежесі сөздік құрамдағы сөздердің саны көп болуымен ғана өлшеніп, мөлшерленіп қоймайды, сонымен бірге ондағы сөздердің семантикалық байлығымен де белгіленіп отырады. Дәлірек айтқанда, тілдің дамуы сөздік құрамдағы сөздердің санымен де, сапасымен де өлшенеді. Сөздің сапа жағынан дамығандығын көрсететін бірден-бір белгі-сөздің көп мағыналығы (полисемия) болып табылады. Сөздің екі не одан да көп мағынаға ие болуын сөздің көпмағыналылығы дейміз. Сөздің көп мағыналығы - негізінде сөздік қордағы сөздерге тән қасиет. Неге десеңіз, бұлар ұзақ жылдар бойы өмір сүріп, тілде жаңа сөз, тың мағыналар жасауға ұйытқы болып келе жатқан тума сөздер. Сөздік қордағы сөздер ең алғашқы пайда болған кезінде аз мағыналы болғандығы байқалады. Кейін талай заман өткен сайын, олар бұрынғы меншікті бір мағынасының үстіне жаңадан бір я бірнеше қосымша туынды мағыналарға ие болған.

2-слайд: Мәселен, судың асты мағынасындағы түп сөзінің қазіргі қазақ тілінде мынадай мағыналары бар: 1. Бір заттың төменгі, ішкі қабаты (ыдыстың түбі). 2. Өсімдіктің жер асындағы бөлігі (томардың түбін қопардық). 3. Өсіп тұрған немесе қазып алынған өсімдік (бес түп отырғыздық) 4. Түкпірдегі, шеткі (түп бөлмеде отыр). 5.  Адамның шыққан тегі, арғы заты (Мен сол керей ішінде сіңген аз атаның баласы едім, түбім қызай) (М.Әуезов). 6. Бір нәрсенің жаны, қасы (Мәскеу түбінде фашистер талқан болды).

Сөзге қосылған жаңа мағына басқа жақтан келіп, өз-өзінен жамала қалмайды. Әрбір жаға мағына әр сөздің білдіретін мағынасының айрықша қасиетінен, түрліше сыр-сипатынан келіп шығады. Адам өмір шындығын уақыт озған сайын біртіндеп тани берген. Заттың бойындағы барлық ерекше белгілерді біліп болғаннан кейін барып, ұғым дерексізденеді. Адам бір затты алғаш көргенде, ең алдымен, оның сыртқы қасиеттерімен танысады. Сол қасиеттер кісінің сезім мүшелеріне әсер етіп, өзінің ізін қалдырады. Адамның санасында белгілі бір зат туралы түсінік басқа бір затпен де ұқсасып, байланысып тұрады. Соның нәтижесінде екі заттың не сапасында я болмаса атқаратын қызметінде жалпы ұқсастық пайда болады. Сол ұқсастықтың негізінде адамдар ұқсас келген екі я біргеше затты бір атаумен атайтын болған.

3-слайд: Омономдер. Омонимдер біркелкі  дыбысталып айтылатын, бірақ  ұғымы  басқа-басқа  сөздер тобын білдіреді. Бұлардың білдіретін ұғымы бір сөз табына да, әр сөз табына да қатысты болып дараланып, бөлініп-жарылып тұрады. Мағына  жағынан әр ұғымның өзара жақындығы, ұқсастығы  мүлдем сезілмейді.  Қайта бір-біріне соншалықты алшақ, кереғар  екендігі  аңғарылады. Мысалы:  Ара 1. Ағаш  кесетін жұқа  темірден жасалған құрал. Ара. 2.  Гүл шырынынан  бал жинайтын  қанатты жәндік. Ара. 3. Екі орта, аралық (екі ауылдың ортасы).

  1. Қазақ тіліндегі омонимдердің жасалуының  әлденеше  амал-тәсілдері  бар,  солардың  ішіндегі  негізгі  жолдары  мынадай:
  2. Тілдегі көп мағыналы  сөздердің  есебінен  сөздің  семантикалық  жақтан  дамуы  арқылы  келіп  шыққан  омонимдер. Бұл  тіліміздегі  ең өнімді  тәсіл. Мағыналарының  бір-бірінен  алшақтап дамуы  нәтижесінде  шыққандақтан, омонимдер дейміз. Көк І. Көгерген  түс. Көк ІІ. Аспан, әуе. Көк ІІІ. Көгеріп  шыққан өсімдік. 
  3. Сөздердің фонетикалық өзгерістерге  ұшырап,  дыбыстық  құрамы  жағынан  бірдейлесуі  арқылы  жасалған  омонимдер. Тілдегі  сөздер  мен оның  грамматикалық  құрылысының  ертедегі  қалпы  мен қазіргі  күйі  нақ бірдей  болған  деуге  келмейді. Дәл  бүгінге дейін  олар  не қилы  даму  процестерін  бастап  кешірген. Сан алуан  фонетикалық  өзгерістердің  нәтижесінде  кейбір  сөздер  ең әуелгі  дыбыстық  тұлғасын  жаңартып,  басқадай  сөздермен  дыбысталуы  жағынан  үйлесіп  келген де, омонимге  айналған.

Қазақ  тіліндегі  атқа  салатын  ер сөзінің  бастапқы  дыбысталу қалпы егер болған,  онан  кейінгі  тілдің  даму  салдарынан, егер  сөзі ер формасында ауысқан. Осылайша  сөздік  құрамда өмір  сүріп келе жатқан еркек, батыл, күйеу ұғымында  жұмсалатын ер деген сөзбен  бірдей  болып  айтлып, омоним  жасалғандығы  белгілі.

  1. Аффикстер жалғану арқылы жасалған туынды омонимдер.
  2. Өзге тілінде араб-парсы және орыс тілдерінен ауысып келген қыруар кірме сөздер бар. Солардың кейбіреулері өздерінің  түп  нұсқадағы  дыбысталу  қалпын  өзгертіп, ана тіліміздегі бұрыннан келе жатқан  қайсыбір  сөздермен  дыбысталу  жағынан  бірдейлесіп,  омонимдер  жасалған: а) Араб және қазақ  сөздерінен  жасалған  омонимдер. Мысалы:   арабтың  күш,  жігер  мағынасындағы  қайрат (ғайрад)  сөзі  қазақ  тіліндегі  қайрат (пышақты) етістігімен  түр-тұлғасы  бірдей келу  нәтижесінде  омоним жасалған.   Қырықтың бірі қыдыр  (мақал) дегендегі қыдыр (хызыр)-араб сөзі. Бұл  сөз  қазақтың ел қыдыру  дегендегі қыдыр етістігімен  дыбысталуы  бірдей  келу салдарынан  омоним  пайда  болған.

4-слайд: Аффикстер  жалғану  арқылы жасалған туынды омонимдер. Түбір сөзге әр түрлі қосымшалар қосылу  нәтижесінде пайда болған  омонимдер  туынды  омонимдер  делінеді. Туынды  омонимдерге  біздің  тіліміз өте-мөте бай.  Бұлар  мына  сияқты  өнімді  жұрнақтар  арқылы келіп шыққан: а) Омонимдер –ма,-ме,-па,-пе,ба,-бе жұрнақтары  арқылы жасалған.  Мысалы: Баспа І. Газет, журнал, кітап басып шығаратын орын, мекеме.  Республикада баспасөз бен баспа ісін жақсартуға  бағытталған едәуір  жұмыс  істелді  («Соц.Қаз»). Баспа ІІ Тамақ ауруы.  Тамағы баспа болып ауырған адам суық тамақ ішпеу керек (ауызекі тіл).  

ә Омонимдер-ыс,-іс,-с жұрнақтары  арқылы жасалған. Атыс І. Ұрыс,соғыс. Би, болыс арыздасып, безді мөрден,  баспашы атамен да атыста өлген (Д.еркінбеков). Атыс ІІ.  Жанжал салып, төбелесу, қырқысу, соғысу. Он сан ноғай бүлгенде, Орманбет хан өлгенде, қырық жылдай атысқан, Қызыл қанға батысқан (Жамбыл).  Тігіс І. Жіппен тігілген, жіп жүргізген жер.  Етіктің тігісін сыртына қаратып, былғарыдан тікті.  Тігіс ІІ.  Тігуге  қатысу,  араласу. Көрші ауылдың қыз-келіншектері келіп  үй тігісті (ауызекі тіл).

б Омонимдер-ық,-ік,-қ,-к жұрнақтары арқылы  жасалған.  Ашық І. Аузы жабылмаған, төбесі жоқ.  Қабылдау залының төбесі  ашық (М.Әуезов). Ашық ІІ. Қарны ашу, тамақтан тарығу. Алыңдар, күні  бойы  егісті аралып, ашығып қалдыңдар ғой!

5-слайд: Қазақ  тіліндегі  омонимдер  мағыналары мен  формаларына  қарай:  лексикалық  омонимдер, лексика-грамматикалық омонимдер  және  аралас  омонимдер  болып  үшке  жіктеледі. Лексикалық  омонимдер  тобындағы  сөздер  бір ғана  сөз табына  қатысты болады да,  барлық жағдайда  бірыңғай тұлғаға ие болып  тұрады. Мысалы:  Бауыр І. Зат есім. Адамзат, жан-жануардың  ас қорыту, қан тарату  қызметін  атқаратын  ішкі  мүшесі. Бауыр ІІ. Зат есім. Бірге туған қандас, ағайындас адамдар.

Лексика-грамматикалық  омонимдер  тобындағы  сөздер әр  сөз табына қатысты  болғандықтан, түбір  тұлғасында омоним  болады да, қалған уақытта әр сөз өзіне тән  тұлғаларға түрленіп, өзгере береді.

Аралас  омонимдер  жоғарыдағы  екі топқа жататын  омонимдердің  қасиетін бірдей  қамтиды.  Аралас  омонимдер  әдетте көп  сыңарлы  болып келеді.  Мысалы: Құр І. Зат есім. Киіз үй жабдығы.   Құр ІІ. Зат есім. Таулы, орманды жерде  тіршілік  ететін жабайы құс. Құр ІІІ. Үстеу. Бекер, бос, текке, жат, әшейін. Құр ІV. Етістік. Бір нәрсенің  негізін  салу, орнату. Құр V. Одағай. Жылқыны  шақырғанда не тоқтатарда айтылатын ишарат сөз.

6-слайд: Лексикалық  омонимдерге  ұқсас басқа  тілдік  құбылыстар бар. Солардың бірі - омофондар (гр.homos-бірдей, phone-дыбыс, дауыс). Омофон  дегеніміз  айтылуы бірдей, бірақ жазылуы  әр түрлі сөздер.  Егер омонимдер айтылуы да, жазылуы  да бірдей, бірақ мағыналары басқа сөздер болып келсе, ал омофондар тек айтылуы бірдей болғанмен, шын мәнінде омоним емес сөздер, сондықтан олар жазуда әр түрлі таңбаланды. Тіл білімінде омофондардың  шын  мәнінде  омоним еместігі  ескеріліп, олар кейде жалған  омонимдер, кейде сөздердің  айтылуындағы  ұқсастығына  қарап  фонетикалық  омонимдер деп  аталады.  Мысалы: көнбе және көмбе сөздерінің  омофондық  сипатына  тоқталық. «Біреудің  ыңғайына көшпеу»  мәніндегі  болымсыз  етістік  көнбе сөзінің түбіріндегі н дыбысы өзінен кейінгі б дыбысының ықпалымен м болып өзгеруі  нәтижесінде көнбе сөзі көмбе болып  айтылады. Сөйтіп, ол «меже, мәре» мәніндегі көмбе сөзіне  айтылуы  жағынан  ұқсап, омофон  болып тұр. Сол сияқты болады сөзі ауыз екі тілде болат болып, тұзшы, асшы  сөздер ащы, тұщы болып айтылып, болат (қатты асыл металл), дәмді  білдіретін  ащы, тұщы   сөздірімен  омофон  жасап тұр.

Омонимге  ұқсас құбылыстардың ендіі бір түрі - омографтар (гр.homos–бірдей, grapho -жазу) Омограф  дегеніміз  жазылуы бірдей  болғанымен, айтылуы бірдей емес сөздер. Олардың айтылуындағы  айырмашылық  негізінде  екпінге  байланысты. Мысалы: зат есім алма мен болымсыз  етістік  алма-ның жазылуы  бірдей болғанмен, лғашқысын айтқанда екпн екінші буынға түсіп, олардың айтылуы  ірдей болмай тұр. Ср. зат есімдер салма, көрме, көрші  сөздері  мен етістіктер салма, көрме, көрші сөздерінің  арақанынасы  да осындай.

 

                                                                                         Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2003.
  2. Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 2013.
  3. Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.