Лексикология
Дәріс-4

Артқа Алға

1-слайд: 1.Сөз  мағынасының  екі  түрі  бар: лексикалық  мағына    және  грамматикалық  мағына. Сөздің  лексикалық  мағынасы  лексикологияда  зерттеледі. В.В. Виноградовтың  анықтамасы  бойынша сөздің лексикалық мағынасы дегеніміз – «тілдің грамматикалық заңдарына сай тұлғаланған, оның сөздігіне тән жалпы семантикалық жүйесінің элементі болып табылатын сөздің заттық-материалдық  мазмұны». Сөздің лексикалық мағынасын жете түсіну үшін, ең алдымен, сөздің заттық-логикалық мәнін, екіншіден, сөздің лексикалық мағынасының оның басқа мағыналармен қандай қарым-қатынаста екенін, үшіншіден, сөздің лексикалық мағынасын соған ұқсас басқа лексикалық мағыналардан ерекешелеп көрсететін белгілерін анықтау қажет.

Сөздің лексикалық мағынасы тіл білімінде әр түрлі бағытта топтастырылып келеді.

1950 жылдардың орта тұсынан бастап кеңес тіл білімінде сөз мағыналарын топтастырудың академик В.В. Виноградов ұсынған классификациясы кеңінен қолданылды. В.В.Виноградов сөздің лексикалық мағыналарын үш типке бөліп көрсетеді: 1) тура немесе номинативті мағына, 2) фразеологиялық  байлаулы  мағына, 3)  синтаксистік шартты  мағына.

           2-слайд: В.В. Виноградовтың сөз мағыналары және оларды топтастыру туралы пікірі қазақ тіл  білімінде қолдау  тауып отырды. Ғ. Қалиев пен Ә. Болғанбаевтың оқулығында академик В.В. Виногрпдовтың классификациясын қолдай отырып, қазақ тіліндегі сөздердің лексикалық мағынасының типтік топтарын негізгі төрт белгіге байланысты анықтайды. Олар:

  1. Сөздің шындық болмысқа қатысына қарай туған мағыналары: тура мағына, ауыспалы мағына, меңзеу мағынасы.
  2. Сөздің шығу тегіне байланысты туған лексикалық мағыналары: түпкі, туынды, синонимдік, омонимдік және антонимдік .
  3. Сөздің тіркесу сипатына байланысты туған лексикалық мағыналары: еркін, фразеологиялық байлаулы, синтаксистік шартты.
  4. Сөздің стилистикалық қызметіне байланысты туған лексикалық мағыналары: бейтарап, бейнелі, терминдік, кәсіби мағына.

3-слайд: Сөздің затты я  құбылысты атап білдіретін мағынасы атауыш (номинатив) мағына деп аталады. Атауыш  мағына әр заттың өз алдына дербес мағынасы болып табылады, сол арқылы біз заттарды бір-бірінен айыра білеміз. Мысалы, тау, тас, өзен, көл, боран, жел деген заттық ұғымдар жеке-жеке аталып, бірден атауыштық мағыналарға ие болып тұр

Сөздің атауыш (номинатив) немесе тура мағыналары толық мағыналы дербес  сөздердің бәріне де қатысты.  Тек  есімдіктердің  атауыштық (атау болу) қызметінің өзіндік ерекшелігі бар.

Есімдіктер зат, құбылысты, олардың белгілерін сыр-сипатын тікелей атап білдірмейді, тек толық мағыналы сөздердің орнына  жұмсалып,  оларды алмастырып, меңзеп білдіріп тұрады. Сол  себепті  есімдіктердің  лексикалық  мағынасын меңзеу мағына деп атауға болады. Мысалы, біз,  олар, кім, не, қалай, қайсы, ештеңе деген есімдіктер нақты  затты  не оның белгілерін атап тұрған тұрған жоқ, тек оларды атап білдіретін сөздердің орынбасар көрсеткіші ретінде қолданылып тұр. Сол себепті  есімдіктердің  меңзеу  мағынасы олардың негізгі  сөздік мағынасы ретінде сөздіктерде беріліп отырады.

Тіліміздегі  сөздердің бәрі бірдей бір атауыш лексикалық мағынаны білдіріп қоймайды. Олардың ішінде бірнеше атауыш мағынаға ие болатындары аз емес. Мысалы, көз деген сөздің адамның немесе жан-жануардың көру мүшесін білдіретін бастапқы мағынасы да, күннің көзін, терезенің көзін, бұлақтың көзін білдіретін ауыс мағыналары да лексикалық   мағыналарға жатады.  Бірақ көз  сөзінің  аталған лексикалық мағыналарының  ара-қатынасы бірдей емес. Алғашқы  көру мүшесін білдіретін мағынасы негізгі, бастапқы атауыш мағына да соңғылары соның негізінде жасалған  кейінгі атауыш мағыналары болып табылды.

         4-слайд: Сөздің шығу тегіне байланысты  туған лексикалық мағыналары. Оларға сөздің түпкі мағынасы (непроизводное  значение)  және туынды мағынасы (производное занчение), омонимдік, синонимдік, антонимдік мағыналары жатады. 

Түпкі мағына деп тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан қарағанда ары қарай бөлшектенбей түбір ретінде танылатын, дербес сөздердің мағынасын айтамыз. Түпкі мағына алғашқы немесе бастапқы мағына ретінде қабылданады. Түпкі мағыналардың пайда болу себебі (мотиві) көп жағдайда белгісіз болып келеді, өйткені түпкі мағынада туынды мағынадағыдай басқа бір мағынаның әсері, қатысы сезілмейді, ол «өз бетінше» туған мағына ретінде танылады.  Мысалы, от, су, күн, түн, таң, жылқы, жаңбыр, өзен, бар, кел, теңіз, көк, қара сияқты сөздердің осы күнгі белгілі мағыналары тарихи қалай қалыптасқанын қазір дәл басып айту қиын. Олардың шыққан; тегі туралы кейбір деректер ғылыми болжам түрінде этимологиялық ізденістерде кездеседі. Мысалы, қырғыз тіл білімінің маманы Б.М.Юнусалив ұйқы сөзі осы мағынаны білдіретін ұй етістік түбіріне – қы өлі жұрнағы қосылу арқылы шыққан: «белгілі бір міндетті орындау» мәніндегі атқару сөзі  ерте кезде қырғыз, қазақ, алтай т.б халықтарда үлкен адамды немесе сыйлы қонақты кетерінде «атқа мінгізу» салтын білдіретін ат-қар сөзінен шыққан деп қарайды.

Туынды мағына түпкі мағынадай емес, басқа бір мағынаның қатысымен туған, пайда болу уәжін (мотивін) түіндіруге болатын, сөздің кейінгі (екінші) мағынасы болып табылады. Туынды мағына әдетте сөзжасам тәсілдерімен байланысты қарастырылады. Туынды мағына өзін тудырған сөздің мағынасымен байланысын үзбейді. Мысалы, түбір қон сөзінің лексикалық түпкі мағынасы қонақ, қоныс, қонақтау қонағуар, қонаға, қоналқа, қондырғы сөздерінің туынды мағыналарында қашан да сезіліп тұрады. Сөйтіп, тудырушы мағына мен одан шыққан туынды мағыналарды бір-бірінен өрбіген сөздердің екі жақты байланысы деп қарауға болады.

Лексикалық құрамның толығып, сөздің ішкі мағынасының дамып отыруына байланысты туған  синонимдік, омонимдік, антонимдік мағыналар да  лексикалық мағыналар қатарына жатады. Синонимдік мағына –екі не одан да көп сөз мағыналарының бір-біріне жақындығынан туған (ес-ақыл, арман –қиял, жынды-нақұрыс); омонимдік мағына –іштей мағыналық байланысы жоқ бірнеше сөздің бір тұлғада көрінуі (от-жалын, от- шөпке қатысты); антонимдік мағына –бір деңгейдегі әр түрлі сөз мағыналарының бір-біріне кереғарлығынан туған (қатты-жұмсақ, алыс-жақын) мағына.

  1. Сөздердің тіркесу сипатына байланысты туған лексикалық мағыналары. Оларға сөздердің еркін және байлаулы (еркін емес) мағыналары жатады.

5-слайд: Сөздің еркін мағынасы  оның атауыш (тура) мағынасының негізінде  пайда болады. Сөз тек атауыш (тура) мағынада қолданыла бермейді. Олар шындық өмірдегі  заттар мен құбылыстарды  білдіретін басқа сөздермен еркін қарым-қатынасқа түсіп, олармен тіркесіп отырады. Сөйтіп, атауыш (тура) мағынадағы сөздердің басқа сөздермен тіркесімділігі кең болған жағдайда туатын мағынасы еркін мағына деп аталады.  Мысалы, жас сын есімі жас адам, жас мал, жас ағаш, жас бала, жас иіс, жас ет т.б; үлкен сөзі  үлкен үй, үлкен адам, үлкен бала, үлкен  кітап, үлкен сөз, үлкен қылмыс, үлкен кінә т.б.  тіркестерде еркін мағынада қолданылып тұр.

Бірақ сөздің тура мағынада басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігі мол болғанмен, сөз кез келген сөзбен байланысқа түсе бермейді. Мысалы, жас  сөзі жоғарыдағыдай сөздермен тіркесіп айтылғанымен, бас көз, қарындаш, үстел, хабар, газет т.б. сөздермен тіркесе алмайды.

Фразеологиялық  байлаулы мағына – сөздің белгілі  ғана сөздермен тіркесуі арқылы, яғни фразеологиялық тіркестерде берілетін лексикалық мағынасы. Сөз өзінің тура атауыштық мағынасында заттар мен құбылыстарға тікелей бағытталып, қыруар сөздермен тіркесіп айтылуға өте-мөте бейім келсе, фразеолоиялық байлаулы мғынады кез келген сөзбен емес, санамалы арнаулы сөздермен ғана тіркесіп қолданады. Мысалы, қас пен көздің арасында

Демек, фразеологиялық байлаулы мағына тіркесіп айтылған сөздерге тікелей бағынышты болып тұрады. Солардың лексика-грамматикалық тұрғыда өзара тығыз байланысуынан көрінеді. Сондықтан да бұлар тура (еркін) мағынадан ажыратылып, сөздің фразеологиялық байлаулы, мағынасы деп аталады.

Сөздер сөйлеу үстінде, сөйлем ішінде, контексте қолданылу жүйесіне  қарай  әдеттегідей тыс басқадай ерекше үстеме мағына жамап алуы ықтимал.  Сөздің сөйлемде өзіне дағдылы емес қызмет атқаруынан туатын ауыс мағынасы  синтаксистік шартты  мағына  деп  аталады.  Синтаксистік  шартты  мағына  сөздің  ауыс  мағынасының  бір  түрі,  бірақ  ол  лексикалаық  ауыс  мағынадай  бір  заттың  тура  мағынасын  басқа  бір  затқа  атау  етіп  ауыстырудан  туған  мағына  емес,  сөздің  сөйлемде  белгілі  бір  синтаксистік  құрылымда  қолданылуынан  туған  мағынасы. Мысалы, Жәрмеңке  жастық  уақыт  өтіп  кетіп, Бұл  күнде  тоқталып  тұр  сол  базарым  ( Ақан  сері).

Осындағы  жәрмеңке, базар  деген  сөздер  өзінің  тура  мағынасында  емес,  белгілі  контексте  қолданылып,  қызық,  думан  мағынасында  айтылып  тұр.

6-слайд: Сөздің  стилистикалық  қызметіне  байланысты  туған  лексикалық  мағыналары.  Оларға  сөздердің  битарап  және  бейнелі  мағыналары,  терминдік  (кәсіби)  мағыналары  жатады. Бұл  топқа  кіретін  лексикалық  мағыналар  сөздердің  әр  түрлі  стилистикалық  қызметіне  байланысты  болғандықтан,  олардың  бұдан  бұрын  таоданған  лексикалық  мағыналардан  сипаты  мүлде  бөлек.

Бейтарап  мағына  зат, құбылыстар  мен  сапалық  белгілерді,  әрекет – қимылды  атап  білдіретін  жалпылама    лексикаға тән. Мысалы, дала, орман, адам, мемлекет, қазына, қанат, жақсы, жаман, үлкен, кіші, жату, тұру, оқу, жүзу, намыс, науқас, жеті, тоғыз, бүгін, ертең т.б. Зат, құбылыстарды жағымды-жағымсыз түрде бағалау, сезімнен туған бейнені түсініктер битарап мағынаға жатпайды. Бірақ сөздің кейінгі қолданылу барысында ондай қасиеттер пайда болуы мүмкін. Мысалы, құс қанатымен ұшады, ұшақтың сол қанаты дегенде қанат сөзі өзінің атауыштық битарап мағынасында қолданылып тұр. Ал ұшарға қанатым жоқ неғылайын, қанатты сөздер дегендегі қанат сөзінде бейнелі мағына бар.

Бейнелі мағына. Бұған адамның  сезімі мен көңіл күйіне байланысты айтылатын эмоционалды сөздердің мағыналары жатады. Олар стилистикалық бояма мағына деп те аталады. Зат, құбылыстарды жағымды-жағымсыз түрде бағалау, сезім, көңіл күйінің  әсері онда айқын  байқалып  тұрады. Ср. тамаша, шіркін, ғажап, сорлы, сүмелек, зұлмат, ойбай, қалш-қалш, зірк-зірк, бажылдау, жағымсыз  мәнде  айтылатын  етістіктер шікірею, едірею, қылтию, тәлтию, жалпию, шілтию, т.б. Мысалы, Неткен мойын, неткен көз. Осыдан артық дейсің бе? Ертегі қылып айтқан сөз (Абай) дегендегі  неткен сөзінде кекесін, әжуа, мазақ қылу мағыналары бар.

Терминдік мағына  ғылым, техника, өнер саласында қолданылатын арнаулы сөздердің лексикалық мағынасы. Мысалы, обьект, предикат, диалект, екпін, үстеу, қаратпа сөз, конституция, дирежер, спонсор, инвеститция, меридиан, холестерин, вольт, ампер сияқты сөздердің терминдік мағыналыр.

 

                                                                                                          Ұсынылатын әдебиеттер:

 

  1. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. А., 1979.
  2. Болғанбаев Ә., Қалиев Ғ. Қазақ тілінің этимологиясы. Алматы, Мектеп, 1998.
  3. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2003.
  4. Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы.Алматы, 2013.
  5. Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.