Артқа
Алға
№3 дәріс. Сөз мағынасының дамуы
1-слайд: Белгілі бір тілдегі сөздер өзі беретін ұғыммен бірге қосымша мағыналарға ие болып, сөз мағыналары өзгеріп, ауысып отырады. Сөз мағыналарының ауысуының ішкі (лингвистикалық) және сыртқы (экстралингвистикалық) себептері болады.
Мысалы: Отан сөзі бұрын үйді білдіретін болған, әркім өз үйін, ошақ басын өз отаны деп атаған. Бұл сөз қазір жаңа мағынада қолданылып, ел мемлекет дәрежесіндегі кең мағыналы сөзге айналып, бұрынғы мағынасы ұмытыла бастады.
Сөз мағынасының ауысуының сыртқы факторларын К.Аханов «Тіл білімі негіздері» еңбегінде мынадай түрлері көрсетіледі:
1 Белгілі бір салада қолданылатын сөздердің екінші бір салаға ауысуы, мысалы сөздердің терминдік мағынаға ауысуын айтуға болады. Мәселен, түбір деген сөз өсімдіктің бөлшегі дегенді білдірсе, лигвистикада ары қарай бөлшектеуге келмейтін мағыналы бөлшегі деген терминдік мағынаға ауысқан.
2 Қоғамның дамуы, қоғамдық қатынас пен өндіріс тәсілінің дамуымен байланысты өззгеріп түрленеді. Мысалы: Теңге, қазіргі кезде ақша деген мағынада.
3 Сөз мағынасының функциональды семантика заңы бойынша да өзгереді. Функционалды семантика заңы заттардың қызмет бірлігіне негізделеді. Бір зат немесе құрал басқа бір зат не құралмен ығыстырылып алмасады да, соңғысы қызмет бірлігіне қарай, алғашқы заттың немесе құралдың атауымен аталады.
4 Қоғамның дамуы барысында жағадан танылған заттар мен құбылыстарды тілде сөзбен атау әр түрлі тәсілдер, соның ішінде сөз мағынасының өзгеруі, жаңа мағынаға ие болуы арқылы да іске асады. Мысалы: Панама, Семиренко т.б.
2-слайд: Сөз мағынасының өзгеруінің ішкі себептеріне олардың (сөздердің) өзге сөздермен тіркеске түсе келе ауыспалы мағынаға ие болған мағынасы немесе синтаксистік шартты мағынасы арқылы сөздің ауыспалы мағынасының пайда болуы жатқызылады.
Мысалы: Ашық есік – ашық ауыз, Асан қасқыр екен!
Сөздер ауыспалы мағынада қолданылғанда қалай болса солай жасалынбайды. Қазақ тілінің өз заңдылығына сүйеніп отырып дамиды. Анықтап айтсақ, ауыспалы мағыналы сөздердің ішкі құрылысында белгілі бір байланыс болады, ол байланыс бір зат немесе құбылыстың түр-түсінің не қызметінің ұқсастығына, не зат пен құбылыстың атын іргелес зат не құбылысқа ауыстырып қолдану заңдылығына негізделеді. Сөздің ауыспалы мағынасы болуына себеп болатын мұндай қолданыс тәсілдерін сөздің ауыспалы мағынада қолданылуы дейді. Сөзді ауыспалы мағынада қолданылуының бірнеше тәсілі бар. Олар: метафора, метонимия, синекдоха.
3-слайд: Сыртқы не ішкі белгілеріндегі (тұлғасындағы, қимылындағы не атқаратын қызметіндегі т.б) ұқсастыққа қарап, бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуы метафора (гр. metaphora - ауысу) деп аталады. Мағына ауысуының бұл тәсілінің негізінде ұқсату заңы жатыр. Метафора қолдану сипатына қарай негізінде екі түрге бөлінеді: а) тілдік (сөздік) метафора, ә) поэтикалық (сөйлеу кезінде туатын контекстік) метафора.
4-слайд: Тілдік (сөздік) метафора сөзге жаңа мағына қосып, оның сематикалық шеңберін кеңейтіп, әрдайым үздіксіз дамытып отырады. Тілдік метафора жалпы халықтық сипатына қарап дәстүрлі метафора деп те айтылады. Дәстүрлі метафорлық тәсіл бойынша ұқсату заңына сүйеніп, қазақ тілінде көп мағыналы сөздер шыққан.
Тілдік метафора мынадай ұқсастықтар негізінде туады:
а тұлға ұқсастығы. Мысалы: қанат-құстың қанаты, ұшақтың қанаты, құлақ-адамның құлағы, қазанның құлағы, домбыраның құлағы,
ә қимыл ұқсастығы. Мысалы: тіл-адамның тілі, сағаттың тілі, жабу-есікті жабу, істі жабу;
б заттардың қызметіндегі ұқсастық. Мысалы: серік-аданың серігі (жолдасы), жер серігі;
в ұғымдардың бір-біріне қатыстылығынан туатын ұқсастық. Мысалы: сұлу-сұлу адам, сұлу табиғат.
5-слайд: Поэтикалық (контекстік) метафора ойды әсерлі әрі айқын етіп жеткізу үшін қажет. Ойдың көркемдігі жалпы халыққа таныс суретке құрылуымен тығыз байланысты. Метафораның бұл түрі көркем шығармаларда кездеседі. Поэтикалық метафораның екі түрі бар. Олар: тұрақты метафора, индивидуалдық метафора
Тұрақты метафоралар жалпы халық тілінде қолданылатын, бірақ суреттеу құралы ретінде образдылығымен ерекшеленетін ауыспалы мағыналы сөздер: сары алтын (бидай), жасыл алаң (футбол алаңы).
Жеке қолданыстағы (индивидуалды) метафора белгілі бір ақынның я жазушының туындысында өмір сүреді. Бұлар сөздікте сөздік мақаланың мазмұнына ене алмайды. Белгілі контексте ғана ұшырасатын сөздің келтіріңді мағынасы қашанда әр автордың өзіндік ерекшелігін көресетеді. Сондықтан да келіріңді мағына әрдайым құбылмалы болады. Мысалы:
Көңіл құсы құқылжыр шар тарапқа
Адам ойы түрленіп ауған шақта (Абай)
Бұл күйдің мұндай суретін
Ой құрықтап, тіл тауып
Айту, тіпті, қиынырақ (І.Жансүгіров)
Осыдан көңіл құсы, ой құрықтап, тіл тауып, деген метафорлық қолданыстар әр ақынның өзіндік қолтаңбасын танытады. Сондықтан да бұл тәрізді метафорлар жалпы халықтық емес, жеке қолданыстағы (индивидуалды) метафора деп аталады.
6-слайд: Өзара іргелестігі, шектестігі нәтижесінде бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты туатын ауыс мағына метаномия (гр.metonumia -өзгеріп атау) деп аталады.
Метаномия мынадай іргелестік, шектестіктер негізінде тууы мүмкін.
а қимыл, әрекет пен оның нәтижесінің шектестігі. Мысалы, бояу, егеу, сайлау, жайлау, жабу, ою сияқты сөздер әрі қимыл атаулары, әрі зат атаулары болып, екі жақты қызмет атқарады. Бұлар алдымен іс*әрекет атауы болып қолданылған да, кейін соның нәтижесі ретінде заттық сипат алған.
ә зат пен оның ішкі мазмұнының шектестігі. Мысалы: Қазан піскенше бәрі машина көруге кетті (Ғ.Мұстафин) дегендегі қазан тамақ (ет) орнына жұмсалып тұр.
б материал мен одан жасалған заттың шектестігі. Мысалы: алтын сөзі асыл металл ұғымын да, содан жасалған «әшекей» дегенді де білдіреді.
г сапалық сын есімдер мен олардың заттанған мағыналарының байланыстылығы. Мұны түсті білдіретін қызыл, ақ , көк, қара, сияқты сапалық сын есімдердің заттанған мағыналарымен шектестігін айқын көреміз. Мысалы: қара сын есімінің заттанған мағыналары мынадай: « қарайып көрінген нәрсе,зат
Сонымен метоноимия да метафора сияқты сөз байлығын оның икемділік, образдылық қасиетін арттыратын тәсіл болып есептелінеді.
7-слайд: Сөздердің ауыстырып қолдану арқылы көп мағыналы сөздер тудырудың бір тәсілі – синекдоха (гр.synekdoche – бірге жобалып түсіну) .
Синекдоха деп бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше атау арқылы сөз мағынасының ауысуын айтамыз. Зат пен құбылыстың іргелес, шектес келіп, бір атауға ортақтасып ауысып қолданылуы жағынан синекдоха метаномияға бір табан жақын тұрады. Мұндағы басты белгі бүтіннің бөлшек, көпшенің орнына жекеше, жалпының орнына жалқы немесе керісінше алмасып айтылады. Ауыспалы мағынада қолданылған сөздерде астарлы мән, тартымды образ жатады. Синекдоха тәсілі сөздердің мағыналық жағынан түрленіп өзгеруіне үлкен ықпал етеді. Мысалы: Сырдың бойынан, қырдың қойнынан өре түргелген өңшең жалбағай тымақтар тұс-тұстан қалың қолға қосылып кетті (І.Жансүгіров). Топта отырғандардың көбі қатқан тондар, жалба жеңдер, арық пішіндер (Б.Майлин). Әуелгі байлық-денсаулық, екінші байлық-ақ жаулық (мақал) . Орамал тартқандар ғана қимылдап, бөрік кигендер үй күшік боп отырса, құдай да сүймес оны («Жұлдыз»).
Әдебиеттер тізімі:
- Аханов К. Тіл білімінің негіздері, А., 1993.
- Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2003.
- Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы.Алматы, 2013.
- Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010