Лексикология
Дәріс-2

Артқа Алға

2-дәріс. Сөздің лексика-семантикалық табиғаты

 

    Ұғым, мағына және сөз.

    Сөз семантикасы, сөз теориясы.

    Сөз мағынасының семантикалық құрылымы.

 

          Дәріс мақсаты: Сөз және оған тән белгілер туралы түсінік беру. Сөз, ұғым, мағынаның арақатынасын ашып көрсету, олардың өзіндік ерекшеліктерін меңгерту.

 

Ұғым – логикалық категория, ойлау процесінің нәтижесі, тіл – тілдік категория ретінде бір-бірімен тығыз байланысты. Логикалық ұғымның тіл жүйесіне қатысы сөз арқылы іске асады. Адам санасында сезім мүшелері арқылы (есту, көру, сезу, дәм, иіс) қабылдауға болатын нақты, деректі заттар мен құбылыстардың бейнесі қалыптасқан. Сонымен қатар тек түйсік сезімі арқылы қабылданатын нақты заттық дерегі жоқ ойтанымдық құбылыстар (қуану, ренжу, қайғы, адамгершілік) бейнеленіп берілетін болған. Демек, заттар мен құбылыстар жайындағы осы күнгі ұғымдар адамның сезім мүшелері мен түйсігі арқылы қоршаған ортаны танып білуінің нәтижесінде туған. Сезімдік танымның бірінші сатысы – түйсік.  Заттардың, құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер еткенде - бүкіл белгілерінің бейнеленуі түйсік деп аталады. Ұғымның тек негізгі белгілері ғана адам жадында сақталып, зат пен құбылыстың негізгі белгілерін салыстыру арқылы бір-біріне ұқсас, тектес заттардың ортақ белгілері анықталған. Қоршаған орта туралы білімді біз тек түйсік арқылы ғана емес, қабылдау арқылы да аламыз. Заттар мен құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер еткенде бүкіл белгілерінің біртұтас бейнеленуі қабылдау деп аталады. Мәселен, құрылысына, салыну ерекшеліктеріне, түрлеріне қарамастан жалпы үй атаулыға ортақ белгі – олардың баспана болатындығы.

Сезімдік танымның үшінші сатысы – елестету. Заттар мен құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер етпеген кезде көрнекі, тұрақты, жалпы белгілерінің санамызда бейнеленуі елестету деп аталады (1, 5-8 бб.).

Танымның жоғары сатысы – ойлау. Ойлау дегеніміз – шындық өмірдегі заттар мен құбылыстардың, іс-әрекеттердің жалпы қасиеттерін, мәнді белгілерін бейнелендіретін, олардың арасындағы нақты байланыстар мен қатынастарды ашатын психикалық процесс. Дүниедегі заттар мен құбылыстар жоғарыда көрсетілген сезімдік бейнелеулер арқылы адам санасында сәулеленеді.  Сөйтіп олар туралы ұғым пайда болады.  Ұғым дегеніміз – зат, құбылыс, іс-әрекетке тән мәнді және жалпы белгілердің адам санасында жинақталып берілген бейнесі. Заттар мен құбылыстардың бір-бірінен айырмашылығын көрсететін қасиеттері мәнді белгілер, ұқсастығын көрсететін қасиеттері жалпы белгілер ретінде танылады. Санадағы ұғымның адамдардың қоғамдық тәжірибесі арқылы сөздік қабыққа бекітілген бөлегі ұғымдық мағына деп аталады.  Ғылыми әдебиеттерде ұғымдық мағынаны заттық-логикалық мағына деп те атайды. Сөзбен бірге өмір сүретін ұғымдық мағынада материалдық дүниенің белгілі бір дәрежедегі бейнесі болады да, біртұтас толық бейнесі көбіне көрініс таппайды.

          Сөздің негізгі қызметі – атау, зат, құбылыс, іс-әрекетті олардың белгілерін атап білдіру. Дегенмен, мынадай жайттарды ескеру керек: біріншіден, ұғым сияқты сөзде де зат, құбылыстың жалпы белгілері жинақталып беріледі. Үй, ат, құм, өзен, Ахмет – бір затты сол тектес заттардан айыру үшін қолданылған белгі. Неғұрлым кейін пайда болған ұғым атаулары бұрыннан белгілі ұғымдарға ұқсастық негізінде жасалып отырады. Мәселен, күнбағар, итмұрын, түйетабан т.б. Етістік ұғымды білдіретін сөздердің жалпылығы күшті (тамақ, ас, өлексе, жем, шөп т.б.) жеу, ішу етістіктерімен беріледі. Екіншіден, сөз бен өзі білдіріп тұрған зат, құбылыс арасында табиғи байланыс болмайды. Үшіншіден, тілдегі сөздердің бәрі бірдей қалыптасқан логикалық ұғымды білдіре бермейді (шылау, одағай, көмекші, модаль сөздер).

          Сөздің ішкі семантикалық байланысы оның мағынасы мен ұғымның арақатынасынан көрінеді. Сөз мағынасы зат, құбылыс, әрекет жайында түсінік, ұғым пайда болғаннан кейін қалыптасады. Егер бір зат жайында ұғымымыз болмаса, оның мағынасын  біле алмаймыз. Ұғым бар жерде мағына бар. Демек, ұғымның болуы – сөз мағынасының маңызды шарты болып табылады.

Сөз мағынасы ұғымдық мазмұнға қоса, айтушының көзқарасын, көңіл-күйін, сезімін, сөздің грамматикалық сипатын білдіре алады. Бұған қарап, сөз мағынасының ұғымнан кең екенін көреміз. Сөз мағынасы ойды ғана білдірмейді, сезім мен әртүрлі көңіл-күйді білдіру үшін де жұмсалады. Мағынаның лексикалық және грамматикалық болып бөлінетіндігі белгілі.  В.В.Виноградовтың анықтамасы бойынша, сөздің лексикалық мағынасы – тілдің грамматикалық заңдарына сай тұлғаланған, оның сөздігіне тән жалпы семантикалық жүйесінің элементі болып табылатын сөздің заттық-материалдық мазмұны. Демек, сөздің лексикалық мағынасы зат, құбылыс, іс-әрекеттің санада бейнеленіп тұрақталған ұғымның мазмұнын қамтиды. Сөздің лексикалық мағынасын түсіну үшін, сөздің заттық-логикалық мәнін, лексикалық мағынаны соған ұқсас басқа лексикалық мағыналардан ерекшелеп көрсететін белгілерін анықтау қажет. Мысалы, сиыр сөзі мынадай ұғымдық белгілерден тұрады:

1) заттық мазмұны жағынан төрт түлік малдың бірі екендігі;

2) сырт көрінісі жағынан ірі қара малға жататындығы;

3) табиғаты жағынан мүйізді ірі қара мал; айыр тұяқты мал; күйіс қайыратын мал.

Сиыр сөзінің осы белгілері оның басқа мал түрлерінен ерекшелігін білдіреді.

Профессор Б.Сағындықұлы: «Сөздің өзге сөздермен қарым-қатынасқа, байланысқа түспей, жеке-дара тұрғанда тікелей түсінілетін халық таныған логикалық-заттық ұғымы, лексика-семантикалық түсінігі лексикалық мағына деп аталады», - деп жазады (1, 9 б.). Осы қасиеті арқылы сөздерді бір-бірінен ажыратып танудағы негізгі мағына ретінде танылып, сөздің басқа мағыналарының тууына негіз болады. Сөз мағынасынан әрбір тілдің өзіндік ерекшелігі мен өзіндік бояуы айқын көрінетіндіктен, мағынаны таным категориясы ретінде сипаттаймыз. Мысалы, ми – бас миды білдірсе, орыс тілінде бас миымен қатар, жілік майын да (костный мозг) білдіреді. Малай сөзі қызметші, жалшы мағынасында қолданылса, башқұрт пен татар тілінде бала мағынасында қолданылады.

          Сөз мағынасы әрқашан бірқалыпта тұрмайды. Сөз семантикасының дамуына тіл жүйеісінің ішкі заңдылықтары мен ақиқат өмірдегі мәдени-тарихи, әлеуметтік өзгерістер әсер етіп отырады. Сөз мағынасының дамуында мағына не кеңейіп, не тарылып отырады. Мысалы, қыз-қырқын қос сөзінің құрамындағы қырқын сөзі о баста «күңнен туған қыз» мағынасында қолданылса, қазіргі тілімізде мағынасы ұмыт қалып, жалпылама ұғымды білдіруде қолданылады. Сол сияқты кіндік сөзі де ертеректе 1920 жылдары «белгілі бір ел, мемлекет не ұйымға тән орталық» деген мағынада қолданылған. Омбы – мәдениет кіндігі. 1930 жылдардың ортасынан бастап бұл сөз ауыс мағынада қолданылмайтын болды.

Сөздің грамматикалық мағынасы деп грамматикалық амал-тәсілдер арқылы туатын, сөздің бірыңғай топтары мен сөз тұлғаларына, синтаксистік құрылымдарға тән, жинақталған дерексіз мағынаны айтамыз. Грамматикалық мағына сөздің лексикалық мағынасының негізінде туады, бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар.             

          Сөз мағынасы (семантикасы). Тілдік жүйе негізінде қалыптасқан мағына өз ішінен парадигмалық және синтагмалық мағыналар болып бөлінеді. Парадигмалық  қатынастар негізінде алынатын мағынаны парадигмалық мағына деп аталады, ал парадигмалық қатынас -  бір деңгейдегі тіл элементтерінің арасындағы байланысқа негізделеді. Мәселен, тәтті, ащы, дәмді, ұзын, қысқа т.б. заттың сынын; жел, су, өзен, жұлдыз, үркер күн т.б. табиғат құбылыстарының атауы; бас, көз, құлақ, бауыр, жүрек т.т. дене мүшелері атаулдары адам санасында мазмұнның ортақтығына негізделген өзара белгілі бір байланысы бар сөздер тобын құрайды. Парадигмалық мағынаның сөздерді тақырыптық және лексика-семантикалық топтарға бөліп қарастыруда атқаратын рөлі үлкен.

          Әр текті тіл элементтері арасындағы қатынас тілтанымда синтагмалық қатынас деп танылады. Сөз синтагмалық қатынасқа түскенде бір-бірімен әрі семантикалық, әрі грамматикалық жағынан байланыста болады. Сөздер бір-бірімен өзара байланысқа түсу үшін сөздердің мағыналық құрамында ортақ бір семаның болуы шарт. Сөздердің семантикалық тіркесімділік қабілетін анықтаушы  тілдік мағынаны синтагмалық мағына деп танимыз.

Мағынаның семантикалық құрылымы.  Сөз мағыналары құрылымдық тұрғыдан  денотаттық мағына, сигнификаттық мағына және коннотациялық  мағынаны құрайды. Денотаттық мағына деп   сөздің ақиқат дүниемен, ондағы заттармен, құбылыстармен байланысып жататын мағынасын айтамыз. Тілтанымда денотаттық мағынаның өзін материалды денотат (референт) және идеалды денотат деп бөлушілік бар. Денотаттық  немесе референттік мағына белгілі бір сөзді айтқан кезде көз алдымызға, ойымызға келетін заттар мен құбылыстардың басты белгілеріне, бейнесіне негізделеді. 

Ал сөз мағынасында өмір сүретін идеалды денотат санадағы ұғыммен байланысты. Яғни материалдық денотат арқылы қоршаған ортадағы заттармен, құбылыстармен байланысып жатады. Мәселен,  тас қарапайым адам үшін «формасы әртүрлі, өзі қатты тау жыныстарының  үлкенді-кішілі бөлшектері», тау - «жер бетінен жоғары да көтеріңкі жатқан биіктік» деген нақты денотаттық мағынаға ие болса, геолог мамандар үшін  «тас  - кристалды минералдардың жиынтығы»,  физикалық географияда  «тау – айналасынан оқшау, айқын байқалатын беткейі, етегі және шыңы бар, теңіз деңгейінен биіктігі кемінде  200 м болатын көтеріңкі жер»  деген  ұғымдық (идеалды денотат) мағынаны білдіреді.

          Сөздің лексикалық мағынасының құрамдас бөліктерінің бірі – сигнификаттық мағына. Денотатты мағына көрнекі нақты ойлау негізінде қабылданып, ұғым негізінде қалыптасқан ақиқат дүниенің обьект бейнесі болса, сигнификативті мағына - абстракті, дерексіз ойлау негізінде пайда болған субьект бейне. Сондықтан мұны қазақ тілінде пайымдық мағына деп те атауға болады. Пайымдық мағына – сөздің білдіретін тұрақты мағынасы. Кей сөздердің мағынасынан заттық мағына, кей сөздерден сигнификативті мағына айқын танылады. Мысалы: бақыт – адамның тілегінің орындалып, қуанышқа кенелуі (сигнификативті мағына). Проф. Б.Сағындықұлының айтуынша, зат есімдерден денотаттық мағына, сын есім, сан есім, етістіктерден пайымдық мағына анық та айқын сезіліп тұрады. Коннотатты мағына жоғарыда айтылған екі мағынаның үстіне қосылған үстеме мағына. Бұл үстеме мағынада стильдік бояу, сезімдік бағалау, экспрессивтік мағына бар. Коннотатты мағына эмоция мен бағалаудан тұрады. Мәселен, зат есімдер мен сан есімдерде, есімдіктерде сезімдік мағына сирек кездеседі, ал одағайлар мен сын есімдерде, етістіктерде бұл мағына жиірек кездеседі. Мәселен, сымпыс - 1. Құйрық қылшығы селдір, сымпыйған; 2. Ауыс. Зып-зып етіп, аннан-мұнан бір шығатын, шаруаға қыры жоқ, берекесіз, сұйық адам.      

          Лексикалық мағынаның ұсақ бөлшектері.  Сөз мағынасының ары қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші бөлігін сема деп атаймыз. Егер бір сөзде бірнеше мағына болса, оның өзі бірнеше семалық бөлшектерден тұрады. Мысалы, таңқурай және құлпынай сөздерін алайық. Таңқурай - «Раушан гүлділер тұқымдасына жататын, жеуге жарамды жидегі бар, көп жылдық жартылай бұта (өсімдік). Бұл сөздің мағынасы мынадай семалық белгілерден құралғандығы көрінеді: 1) раушан гүлділер тұқымдасына жататындығы; 2) жеуге  жарамды жидегінің болатындығы; 3) көп жылдық өсімдік; 4) жартылай бұталы өсімдік.  Бұған қоса қосымша семалық белгілері ретінде қызыл немесе қызыл күрең түсті, тәтті жидекті қосуға болады.

Құлпынай – жұпар иісті, қызыл түсті тәтті жемісі бар көп жылдық шөптесін өсімдік.  Бұл сөзде де 4-5 сема бар: 1) жұпар иісті; 2) қызыл түсті жеміс; 3) тәтті жеміс; 4) көп жылдық өсімдік; 5) шөптесін өсімдік.  Бұдан шығатын қорытынды, сөз мағынасы бірнеше семадан тұрады. Сөз мағыналарының семалары әр түрлі болып келеді де, олар ірілі-уақтылы топтарға топтарға жіктелінеді. Жоғарыда әр сөздің бес семасы көрсетілген. Олардағы жалпылаушы семалар - жидек, қызыл түсті және көп жылдық өсімдік болса, қалған семалары даралаушы семалар болып табылады. Сөздерді өзара байланыстырып тұратын, оларды белгілі бір лексика-семантикалық топқа біріктіруде негіз болатын семаны жалпылаушы сема, кейде  архисема деп те атай береді. Ал бір сөзді екінші бір сөзден ажыратып тұратын семаны айырушы (дифференциалды) сема деп атайды. Сөздің лексикалық мағынасында негізі семалармен қатар қосалқы семалар да болады. Оларды жеке сөздердің бойында ұшырасуына орай потенциалды (ықтималды, салыстырмалы), тіркескен жағдайда пайда болуына қарап коннотатты семалар деп атайды. Мәселен, эмоционалды-экспрессивті сөздерде «баға», «эмоция», «экспрессия» коннотатты семалары кездеседі. Қай сөздің мағынасында семалардың саны көбірек болса, сол сөздің семантикасы жайылыңқы, абстарктілі, бірнеше мағыналы болады. Бұл сипат, әсіресе, етістіктерге тән. Мысалы, сөйлеу етістіктерінің басын құрайтын архисема – белгілі бір хабарды екінші біреулерге жеткізу. Бұл етістіктер әрі қарай жіктеліп, кіші семантикалық топтар жасайды. Олар: 1) хабарлау етістіктері (айт, жеткіз, дерек бер); 2) сөйлеу етістіктері (сөйлесу, әңгімелесу, әзілдесу, айтысу); 3) сұрақ-жауап етістіктері (сұра, жауап бер, жауап қайтар); 4) эмоциялы сөйлеу етістіктері (мыңқылда, көкі, отта, мылжыңда, танты). Кел, кет, алыста, айнал, өт етістіктерінің барлығына ортақ архисема – қозғалған заттың бір орнынан екінші бір орынға өтуі, орын ауыстыруы. Кіші семантикалық топтарға енген әрбір етістік сөздердің өздеріне тән дифференциалды семасы бар екені анық.         

                                                                                                             Әдебиеттер тізімі:

    Аханов К. Тіл білімінің негіздері, А., 1993.

    Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2003.

    Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы.Алматы, 2013.

    Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010