Артқа
Алға
1-дәріс. Лексикология пәні, объектісі. Тіл білімінің лексикологиямен шектес салалары
1.Лексикологияның мақсаты мен зерттеу нысаны.
2.Тіл білімінің лексикологиямен шектес салалары.
Дәріс мақсаты: Қазақ лексикологиясының қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің осы замандағы даму қалпын, мағыналық және құрамдық түрлерін, тарихи арналары мен қат-қабаттарын, баю жолдарын, сөздердің экспрессивті -стилистикалық мәнін, қолданылу аясын тексеруі жөнінде түсінік беру және лексикология мәселелерін жан-жақты, терең түсіну үшін тіл білімінің оған шектес басқа салаларымен қандай байланысы бар екенін ашып көрсету.
1.Лексикологияның мақсаты мен зерттеу нысаны.
Бір тілде қанша сөз болса, солардың тұтас жиынтығын тіл ғылымында лексика (гр.lexikos-сөздік) немесе сөздік құрам деп атайды. Сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын, шығу төркінін, қолданылу қабілеттілігін, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, сан қилы стильдік мәні мен сипатын тексеретін ғылымды лексикология (гректің lexikos-cөздік+logos-ілім сөздерінен) дейді. Қазақ тілінің лексикология-қазақ тілінің сөздік құрамын (лексикасын) тексеретін ғылым.
Шындық болмыстағы заттар мен құбылыстар жайындағы ұғымдар жеке сөздермен ғана емес, тұрақты сөз тіркестері түрінде қалыптасқан баламаларымен де түсіндіріледі. Осыған орай лексикология ғылымы сөз ұғымымен үйлесіп, сәйкесіп отыратын тұрақты сөз
тіркестерін ф р а з е о л о г и я н ы да (гр.phrasis-сөйлемше+logos-ілім) төл обьектісі.
Тілдің қаншалықты дамып жетілгендігі сөздік құрамдағы сөздердің санымен ғана емес, мәнімен (көп мағыналығымен) де өлшенеді. Бұл жағынан лексикологиялық сөздердің мағыналық құрылымын зерттейтн с е м а с и о л о г и я (гр.- semasia-мән, мағына+logos-ілім сөздерінен) ғылымымен тікелей байланысты.
Қазақ сөздері сан жағынан мол және көп салалы, бұлардың жасалуы мен шығу тегі, мағыналығы мен қолданылуы, даму қарқыны белгілі бір заңдылықтарға бағынады. Қазақ лексикологиясы қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің осы замандағы даму қалпын, мағыналық және құрамдық түрлерін, тарихи арналары мен қат-қабаттарын, баю жолдарын, сөздердің экспрессивті -стилистикалық мәнін, қолданылу аясын тексереді.
Лексикология мәселелерін жан-жақты, терең түсіну үшін, тіл білімінің оған шектес басқа салаларымен қандай байланысы бар екенін ашып қарастырудың зор мәні бар.
Ана тіліміздегі сөз байлығының басынан кешкен ұзақ тарихы бар. Сөздердің қалыптасуына, өзгеруі мен дамуына қатысты тарихи заңдылықтарын тарихи лексикология тексереді. Тарихи лексикологияның бір саласы-этимология. Этимология (гр.etymon шындық+logos-ілім) сөздердің шығу төркінін, олардың ең алғашқы түр-тұрпаты мен мағынасын анықтайды.
- Тіл білімінің лексикологиямен шектес салалары.
Тілдегі жалқы есімдерді зерттейтін ономастика ғылымымен де лексикология тығыз байланысты. Ономастика (гр.onomastike-ат беру өнері) іштей антропонимика және топонимика болып екі салаға жіктеледі. Антропонимика (гр.anthropos-адам+onyma-ат, атау) кісі аттарын (есімдерін) зерттеу объектісі етіп қараса, топонимика (гр.topos-орын, мекен+onyma-ат, атау) географиялық (жер-су) атауларды жеке объекті етіп зерттейді.
Сондай-ақ, лексикология фонетикамен үнемі байланысты. Сөздер көбінесе бірнеше дыбыстың тарихи қалыптасқан тіркесімен айтылғанда ғана белгілі бір мағынаны білдіреді. Тілдегі сөздердің дыбыстық құрамының өзгеруі олардың мығыналарының өзгеруіне әкеп соғады. Мәселен, ал, әл, ол, өл, іл, ұл дегенде дауысты дыбыстардың, аз, ақ, ал, аң, ас, ат, ау, аш дегенде дауысты дыбыстардың өзгеруінен әр түрлі мағына беретін сөздер жасалып тұр.
Тілде белгілі бір дыбыс өзгергенімен, сөздердің сыртқы тұлғасы да, мағынасы да оншалықты өзгеріске ұшырамай, үнемі ұқсасып келетін жағдайлары болады. Мысалы: айғай-айқай, бау-бақ, сұрау-сұрақ, шұқыр-шұңқыр, ауа-әуе, бәйге-бәйгі, үлгіру-үлгеру, түгендеу-түгелдеу, жұдырық-жұмырық, жаңқа-жоңқа т.б
Сөз тілдің, оның өзіндік құрамының заттар мен құбылыстырды, олардың қасиеттерін, шындық өмірдегі қатынастарды атап білдіретін негізгі единицасы, дербес бөлшегі болып табылады. Лексикалық жүйенің даралық қасиетке ие негізгі единицасы бола отырып, сөз жеке тұрып та, басқа сөздермен тіркесіп те тарихи қалыптасқан ұғымдарды білдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады. Сөздің осы қасиеті оның лексикалық единица екендігін (даралық қасиетін) көрсетеді. Әр тілдегі сөздердің лексикалық единица болу сипаты, олардың құрылымдық ерекшеліктері сол тілдің фонетикалық, семантикалық, грамматикалық белгілері арқылы анықталады.
Ұғым-логикалық категория, ойлау процесінің нәтижесі, ал сөз-тілдік категория. Бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Логикалық ұғымның тіл жүйесіне қатысы сөз арқылы іске асады. Ұғым дегеніміз - шындық өмірдегі зат, құбылыс, іс-әрекетке тән басты белгілердің адам санасында жинақталып, қорытылып берілген бейнесі. Адам санасында ең алдымен сезім мүшелері (есту, көру, дәм, иіс сезу) арқылы қабылдауға болатын нақты, деректі заттар заттар мен құбылыстардың бейнесі қалыптасқан. Кейін адамның ойлау қабілетінің дамуына байланысты дерексіз заттар мен құбылыстар жайындағы түсініктерді қабылдауға мүмкіндік туған. Осылайша адамның санасында сезім мүшелерімен білуге болмайтын, тек түйсік сезім мүшелерімен білуге болмайтын, тек түйсік сезімі арқылы қабылданатын, нақты заттық дерегі жоқ құбылыстар да (қуаныш, қайғы, ренжу, адамшылық т.б) бейнелеп берілетін болған.
Заттар мен құбылыстар жайындағы біздің санамыздағы осы күнгі ұғымдар адамның сезім мүшелері мен түйсігі арқылы ұзақ уақыт бойы сыртқы дүниемен араласуының, оны танып білуінің нәтижесінде туған.
Сөз және мағына. Сөздің ішкі семантикалық байланысы оның мағынасы мен ұғымының арақатынасынан көрінеді. Сөз мағынасы зат, құбылыс, әрекет жайында түсінік, ұғым пайда болғаннан кейін қалыптасады. Егер белгілі бір зат туралы ұғымымыз болмаса, оның мағынасын да білмейміз. Ұғым бар жерде мағына бар. Демек, ұғымның болуы сөз мағынасының ең маңызды шарты болып табылады. Бірақ сөз мағынасының қалыптасуына ұғымнан басқа да себеп болатын жайттар бар. Сөз мағынасы заттық – логикалық ұғымнан басқа айтушының ақиқат дүниеге көзқарасын, әр түрлі көңіл – күйін, сезімін және сөздің грамматикалық сипатын да білдіре алады. Бұдан сөз мағынасының ұғымнан кең екенін көреміз.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1.Лексикологияның зерттеу нысаны не?
2.Тіл білімінің лексикологиямен шектес қандай салалары бар?
3.Семасиология нені зерттейді?
4.Лексикологияның қандай салалары бар?
Нег. әдеб.: 2(4-5), 10(158-172), 12(52-68).
Қосымша әдеб.: 5.(186-199)
Әдебиеттер тізімі:
- Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2003.
- Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы.Алматы, 2013.
- Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010
- Қазақ тілінің грамматикасы. – Алматы, 2000