Лексикология
Дәріс-14

Артқа Алға

 1-слайд: Тіл білімінің, соның ішінде тарихи лексикологияның бір саласы – этимология болып табылады. Этимология гректің etymos – ақиқат, шындық, logos – білім деген сөзінен шыққан. Этимология сөздің шығу тегін зерттеп, олардың ең алғашқы мағынасының қандай болғандығын айқындайды. Этимологиялық зерттеулер белгілі бір тілдің лексикасына ерте заманда енген кірме сөздердің ену тарихы мен оның жолдарын да қарастырады. Этимологиялық зерттеулердің жеке сөздердің шығу төркінін ғана емес, сонымен бірге жалпы тілдің тарихын танып білуде маңызы күшті. Бұл термин  тіл білімінде  екі түрлі мағынада қолданылады: этимология, біріншіден, тарихи лексикологияның, сөздердің шығу тегін зерттейтін саласы дегенді білдірсе, екіншіден, сөздің шығу тегі, төркіні дегенді білдіреді.  Сөз  этимологиясын  айқындау өте күрделі және қиын мәселе болып саналады.

          Этимология  саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тілдің тарихын,  оның тарихи  фонетикасы  мен тарихи грамматикасының  заңдарын, зерттелетін тілдің басқа туыстас тілдермен  арақатысын, семасиология мәселелерін жақсы білуді,  салыстырмалы-тарихи методты жете меңгеруді  талап етеді.

          Этимологиялық зерттеулердің түрі көп. Соның ішінде қолдануға ең қолайлысы этимологиялық сөздіктер.

Қазақ тіл білімінде 1966 ж. шыққан «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» жарық көрді. Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. – Москва: Наука, 1978, -350 с    

 

2-слайд: Ғылыми этимологияның негізгі принциптері

Сөздердің шығу тегін айқындау үшін, ғылыми этимологияда  генеологиялық, фонетикалық, морфологиялық, семантикалық, этимологиялық деп аталатын принциптер қолданылады. Енді осы принциптердің әрқайсысына арнайы тоқталайық.

           

         3-слайд: 1) Генеалогиялық принцип – жүйелілік принципі деген сөз. Бұл принцип сөздің шығу тегін айқындауда  тілдердің генеалогиялық классификациясына, яғни тілдердің  шығу тегінің бірлігіне  қарай топтастырылуына негізделуді талап етеді. Белгілі бір тілдегі  төл сөздердің  этимологиялық байланысын айқындау үшін, оларды сол тілмен туыстас,  бір негіз тілден тараған тілдердегі  сөздермен салыстыру қажет. Мысалы: қазақ тіліндегі төл сөздерді  шығу тегі басқа тілдердегі, мысалы, герман тілдері мен роман тілдеріндегі сөздермен емес, оларды түркі тілдеріндегі (мысалы қырғыз, қарақалпақ, әзербайжан, башқұрт, татар, өзбек, түркмен, хақас,  шор, якут және т.б. түркі тілдері) өзімен түбірлес, төркіндес сөздермен салыстыру қажет. Мысалы: қазақ тілінде қыз-қырқын, тоқты-торым деген қос сөздер кездеседі. Осы сөздердегі қыз бен тоқты сөздерінің мағынасы бізге белгілі, ал қырқын, торым сөздері түсініксіз. Торым сөзі көне түркі тілінде түйеснің ботасы, моңғол тілінде  бота  мағынасында, ал қырқын сөзі чуваш тілінде қыз деген мағынаны береді екен.

           2) Фонетикалық принцип. Бұл принцип сөздердің шығу тегін айқындауда фонетикалық заңдарға сүйенуді (сингармонизм – үндестік пен ассимилияция, дыбыс алмасуы мен дыбыстық сәйкестігі, дыбыстардың түсіп қалуы мен басқа дыбыстардың пайда болуы, орын алмастыру т.б.) туыстас тілдердегі  дыбыстардың  өз ара сәйкестілік заңдылығын  арқау етуді  талап етеді. Мысалы: ш/с: қазақ тіліндегі  бас, құс деген зат есімдер  қырғыз, ойрат, әзірбайжан, түрікмен,  өзбек, ұйғыр тілдерінде - баш, құш. Шай-сай; Славян  тілдерін де, зерттеуші көрнекті ғалым  В.А. Богородицкий  ш дыбысының с дыбысына айналуын қазақ тіліне  өте-мөте тән белгілердің бірі деп есептейді.

 Дыбыстардың алмасу заңдылығы, дыбыстардың сәйкестілігі  бірен-саран сөздерді емес, сөздердің белгілі  тобын түгелдей дерлік  қамтуы  шарт. Сонда ғана дыбыстардың  сәйкестілігі  фонетикалық заңдылық ретінде негізге алынады. ғ/у дыбыс сәйкестігі: дағ-тау, сағ-сау; д/й: құд (ық) – құй; й/ж: йер-жер.

          4-слайд: 3) Морфологиялық принцип - тілдің тарихи даму барысында  сөздің морфологиялық құрылымына, оның (сөздің) құрамындағы  морфемалардың  бастапқы ара қатысы мен  сөздердің тұлғалық өзгерістеріне байланысты заңдылықтарға негізделеді.

      Лексемаларға жасалатын морфол. талдаудың басты мақсаты, мәселен, түркі тілдерінің жалғамалық құрылысына сәйкес, олардың ілкі түбір, жай түбір, туынды түбір және граммат. тұлғалардың ара-жігін ажырату болып саналады. Сондай-ақ морфол. принцип-критерий сөзжасам процесіне негіз болушы көптеген модель-үлгілер мен сан алуан граммат. тұлғалардың ішінен Этимологиясы анықталуға тиісті лексиканың табиғатын тап басып тану үшін, өзіне ұқсас басқа сөздерден айыру үшін қажет.

          Туынды сөздердің  құрамындағы морфемалардың  ара жігінің өзгеруі, әсіресе  дыбысталу жағынан көбірек  өзгеріске ұшырауы  бұл күнде олардың құрамын ажыратуды, тарихи  тұрғыдан қайсысы бастапқы түбір, қайсысы аффикс екенін айқындауды қиындатып, соған орай,  олардың этимологиясын да  күңгірттендіре  түседі. Мысалы, тілдің қазіргі қалпының  тұрғысынан алғанда, мына сөздердің құрамы  түбірге және қосымшаға ажыратылмай, бір бүтін түбір ретінде  қаралады: 1) жалқы, жалғыз, жалаң; 2) қайт, қайыр; 3) өксі, өкір; 4)  оят, оян, ояу; 5) жоқ, жой; 6)  тоқ, той, тол; 7) шұнақ, шұнти,  шұнтаң  (да); 9) қисық, қисай, қисаң  (басу), қиқай, қиғаш, қыңыр т.б.  Мысалға келтірілген сөз  топтарының әрқайсысының  өзіне тән ортақ,  түбірі бар екені даусыз. Мысалы: жалқы, жалғыз, жалаң, деген үш сөздің  барлығына бірдей ортақ  түбірі ол - жал. ал қы,-ғыз,-аң  дейтін морфемалар-әр түрлі аффикстер болып табылады. Сондай-ақ көне түркі тілінде есімшенің -мыш формасы қазіргі тілдегі -ған, -ген жұрнағымен сәйкеседі.

4) Семантикалық принцип. Бұл принцип этимологиялық  зерттеулерде  сөз мағыналарын, сөздің семантикалық  жақтан өзгеруін, даму  жолдарын есепке алуды талап етеді. Этимологиялық зерттеулерде  сөз мағынасына, оның семантикалық жақтан өзгеруі мен дамуына  әрі тарихи тұрғыдан,  әрі туыстас тілдердегі сөздердің мағыналарымен салыстыру тұрғысынан қарау басты шарттардың  бірі болып саналады. Мысалы: сағы сыну,  кенжегесі кейін тарту деген тұрақты сөз тіркестеріндегі сақ, кенжеге деген сөздеросы аталған тіркестердің   құрамында ғана  қолданылады. Қазақ тілінде  олардың мағынасы бұл күнде  күңгірттеніп, көнерген, түсініксіз сөздерге  (сағы, кенжегесі) айналған. Бұл сөздердің мағынасы  мен этимологиясын туыстас басқа тілдердің  материалдарымен салыстыру арқылы  ғана  айқындауға  болады. Мысалы: сағы сыну деген сөз тіркесіндегі сақ хақас тілінде  (сағ) күш дегенді білдіреді. Хакас тілінде саам сыхты деген сөз  тіркесі - ”әлім бітті”, сағ чох-”күш жоқ” деген мағынада жұмсалады. Қазақ тілінің оңтүстік диалектісінде осы сақ сөзінен  жасалған. Сақай, сақаю формасы ұйғыр (сақаймақ), әзірбайжан (сағалағ), өзбек (соғаймақ тілдерінде сақталған. Сақай деген етістіктің құрамындағы-ай есім сөздерден етістік тудыратын (мысалы, аз+ай-азай, мол+ай-молай сияқты) жұрнақ. Сақ сөзі бұрын  есім  мағынаны білдірген, түсінікті сөз болуы мүмкін. Ал кенжегесі  кейін тарту деген тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы  кенжеге хақас, алтай тілдерінде  ”желке” деген мағынаны білдіреді.

Этимологиялық (тарихи) принцип.  Бұл принцип белгілі бір  сөздердің тууына себепші болған тарихи жағдайларды жете білуді талап етеді. Этимологиялық зерттеулердің тек тіл білімінің  ғана емес, сонымен бірге тарих пен фольклордың, археология мен этнографияның және т.б. ғылымдардың деректеріне сүйенуі өте-мөте қажет. Тілді сол тілді тұтынатын халықтың санасымен, дүниетанымымен, дәстүрімен, менталитетімен, құндылықтарымен, ойлау жүйесімен тығыз байланыста қарау тағы да ұлттық тілдің басқа тілдерден өзіндік, қайталанбас ерекшеліктерін тануда, анықтауда үлкен нәтижелерге қол жеткізеді.

5-слайд: Этимологияның түрлері үш топқа (ғылыми, қызықты, халықтық) бөлінеді. Ғылыми этимология – жоғарыдағы аталған бес түрлі принципке, яғни тіл дамуының объективті заңдылықтарына сүйеніп жасалған. Қызықты этимология – сөз төркінін ашуда аталатын принциптерге тереңдеп бара білмейтін, дәйектілігі белгілі бір деректермен шектелген, сөздердің сыртқы тұлғасы және бөлігі контекстегі мағынасымен қанағаттанатын, бірақ өзінің сиқырлы сырымен жұртшылықты қызықтырып, қалың бұқара арасына тез тарап кететін этимологиялар жатады. Халықтық Этимология – сөз бен сөз тіркестерінің табиғатын оларға тән өзгеру, түрлену, даму, жасалу, т.б. заңдылықтарымен, Этимологияның ғыл. принциптерімен санаспай, табиғатын басқа зат пен құбылыс атауларының кездейсоқ, не тым алыс ұқсастықтарын жақындастыру арқылы анықтауға бейім тұрады.

                                                                                                          Ұсынылатын әдебиеттер:

    Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. А., 1988.

    Кайдар А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. – Алматы, 2005.

    Сағындықұлы Б Қазақ тілі лексикасы дамуының  этимологиялық  негіздері А, 1994.

    Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. А, 1966.