Лексикология
Дәріс-15

Артқа

            1-слайд:  Тіл білімі, соның ішінде лексикологияның үлкен саласың бірі – лексикография.

             Лексикография гректің лексикос (сөздік), графос (жазу, жазамын) деген сөздерінен алынып біріктірілген, бір тілдің сөз байлығын, тілде қолданылып жүрген сөздерді бір жүйеге келтіріп, жинастырып сөздік жасаумен және оның теориясымен шұғылданатын тіл білімінің бір саласы болып табылады.

2-слайд:  Лексикографияның екі саласы бар: теориялык лексикография және тәжірибелік лексикография. Теориялық лексикография жалпы сөздік жасаудың теориясын, мақсаты мен міндетін, принциптері мен типтерін анықтайды. Ал тәжірибелік лексикография әртүрлі сөздік жасаумен, сөздерді жүйелеумен, сүрыптаумен жэне оларды нормаға түсірумен айналысады.

Лексикографиялық жұмыстар — жалпы тіл мәдениетіндегі табыстарды тіліміздегі сөздердің кодификацияланған (қалыптасқан) нормаларын калың жұртшылыкка жеткізудің бір формасы. Бұқаралық акпарат кұралдарында (баспасөз, радио, теледидар) орта және жоғарғы оқу орындарында окылатын лекциялардың бәрі, кез келген кеңсе қызметкерлері, жалпы жұртшылык осы сөздіктерге жүгінеді.  Сөздіктердің тілді жүйелендіруде, әдеби тілдің нормаларын қалыптастыруда тікелей жәрдемі көп.

Ал сөздік дегеніміз – белгілі бір тәртіппен орналасқан сөздерге берілген анықтамалық кітап. Сөздік берілген сөздердің мағынасын түсіндіреді, олар туралы түрлі мәліметтер немесе басқа тілдегі аудармасын көрсетеді, сондай-ақ олар анықтайтын заттар туралы мәліметтер береді. Сөздіктер халықтың рухани мәдениеті үшін маңызды рөл атқарады. Сөздіктерде белгілі бір кезеңдегі қоғамның білім деңгейі анықталады.

Лексикография теориясы сан алуан сөздік жасаудың мол тәжірибелерін ғылыми тұрғыдан қорытындылаудың негізінде, лексикологиялық зерттеулер мен олардың жетістіктеріне сүйене отырып жасалады. Демек, лексикография мен лексикология бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болатын егіз ғылым салалары.  Лексикологиялық зерттеулердің жүргізілуінің нәтижесі арқылы сөздіктің сапасы анықталады. Яғни зерттеу жұмыстары неғұрлым жоғары, әрі жемісті болса, шығарылған сөздіктер де соғырлым сапалы болады. Бүгінгі таңда сөздіктің практикалық мәнімен қоса, оның ғылыми сапасына да ерекше назар аударылады. Сондықтан сөздік кез келген мекемеде емес, осы мамандықты жете меңгеоген ғылыми маман кадрлардың шоғырланған жерінде жасалады.

 

3-слайд: Қазақ тіліне тікелей болмағанымен, оған қатысты сөздіктер орта ғасырлардан және XVIII –XIX ғасырлардан белгілі.

Түркі тілдерінің ең алғашқы сөздігі  - Махмуд Қашқаридың 1068 жылы жазылған «Диуани лұғати ат-түрк» деп аталатын сөздігі. Қашқари сөздікке алынған мысалдарды түркі тіліндегі өлеңдерден, халыққа кең тараған отты сөздерден, мақалдардан алдым дейді. Сөздікте автор түркі сөздерін беріп қана қоймайды, кейде ол тілдердегі сөздердің тарихын айтып, грамматикалық ерекшеліктерінен де мәлімет беріп отырады. 

2-ші «Кодекус Куманикус»  «Қыпшақ тілінің сөздігі» – қыпшақ тілінде жазылған діни мәтіндер мен сөздіктерден тұратын кітап, 1294 жылы жазылған, авторы белгісіз

3-ші сөздік тюрколог ғалым П.М. Мелиоранскийдің 1900 жылы «Араб филолог о турецском языке» деп аталатын атпен басылып шыққан еңбек.

Салыстырмалы сөздіктер түркі тілдерінде 19 ғасырдың екінші жартысында жазыла бастады. Орыс ғалымдары түркі тілдерінің сөздігін жасауға зор еңбек сіңірді. Бұл еңбектердің ішінде ерекше назар аударатын лексикографиялық еңбектердің қатарында академик В.В. Радлов пен Л. Будаговтың еңбектері болды.

1911 жылы шыққан В. В. Радловтың «Опыт словаря турецских наречий» сөздігінде барлық түркі тілдерінің салыстырмалы сөздігін жасаған. Бұл сөздікте алдымен түркі тілдері сөздерін, одан кейін орыс тіліндегі аудармасын, оның артынша неміс тіліндегі аудармасын беріп отырады. Керек жерінде көне түркі тілдерінен тарихи анықтама, дәлелдер беріп отырады.

Л. Будаговтың 1872 жылы шыққан «Сравнительный словарь турецко-татарских наречий» деген сөздік. Бұл сөздік Радлов сөздігіне ұқсайды. Бірақ бұл сөздікте алдымен түркі сөзі, одан іле орысша аудармасы беріледі. Сондықтан бұл сөздік екі тілді салыстырмалы, түркі тілдері сөздігі болып табылады.   

4-слайд: Қазақ тіліне тікелей қатысты сөздіктер (аударма сөздіктер) XIX ғасырдың II-ші жартысы мен XX ғасырдың басында жасала бастаған. XX ғасырдың соңғы жартысында лексикография дұрыс жолға қойылып, дами бастады, әр түрлі сөздіктер пайда болды. Сөздік жасаудың XX ғасырдың II жартысында қалыптасқан үлгілері XXI ғасырда да жалғасып келеді.

Қазақ тілінің сөз байлығын аударма түрде сөздік етіп шығару тәжірибесі XIX ғасырдың II-ші жартысында Н.И. Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизского наречия» (1861) еңбегіндегі сөздіктен басталады

Бұдан кейін И. Букиннің, Ы. Алтынсариннің, И. Лаптевтың т.б. аударма сөздіктері шықты. Революциядан бұрын барлығы отызға жуық екі тілдік (орысша-қазақша немесе қазақша-орысша) аударма шағын сөздіктер жарық көрді. Бұлардың азды-көпті тәжірибелері революциядан кейінгі сөздіктердің дамуына белгілі дәрежеде себін тигізді.

Қазақ лексикографиясының шын мәнінде ғылыми тұрғыдан тексеріліп жан-жақты дамуы Кеңестік дәуірде екі тілді аударма сөздіктерден басталды. 1945 жылға дейін бастауыш және орта мектептерге арналған екі тілді шағын нормативті сөздіктер жасаумен ғана шектеліп келген болсақ,1946 екі том «Орысша-қазақша сөздік», ал 1954 жылы бір томдық үлкен «Орысша-қазақша сөздік» (50000 сөз, редакциясын басқарған Н.Т. Сауранбаев), Х. Махмудов пен Ғ. Мұсабаевтың шағын “Қазақша-орысша сөздігі” (1954) [3, 224-225], “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” (1959 — 74), “Орфографиялық сөздік” (1963), “Абай тілі сөздігі” (1968), “Диалектологиялық сөздік” (1969), “Этимологиялық сөздік” (1996), терминол. сөздіктер (“Тау-кен ісі терминдерінің қысқаша орысша-қазақша сөздігі”, 1959; “Орысша-қазақша терминология сөздігі. Экономика, философия”, 1962), т.б. болып жалғаса берді.

Қазақ лексикографиясы соңғы жарты ғасыр ішінде тек сан жағынан ғана көбейіп өсіп қойған жоқ, сөздіктің түр-түрі де молайды. 40-50 жылдары шыққан сөздіктер мен соңғы жылдары жарық, көрген сөздіктер тек көлем жағынан ғана емес, сапасы жағынан да анағұрлым ілгеріледі.

Қазақ лексикографиясындағы сөздіктердің түзілім тарихына арналған алғашқы еңбектердің бірі – М.Малбақовтың «Қазақ лексикографиясының тарихы» атты зерттеуі. Аталған жұмыста XVIII ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасырдың басында жазылған лексикографиялық туындылар қарастырылады.

 

         5-слайд: К. Аханов лингвистикалық сөздіктерді жасалу мақсатына қарай бірнеше түрге бөліп көрсетеді:

    Сөзіктердің ішінде тілдің лексикасының шығуын, дамуын және оның бірнеше дәуірін сипаттайтын түрі бар. Мұндай сөздік тарихи сөздіктер деп аталады. Керісінше, сөздіктердің кейбір түрі қазіргі тілде жаппай және жиі қолданылатын сөздерді қамтып, оларға талдау жасап, сипаттама беруді мақсат етеді. Мұндай сөздіктер тілдің заманауи сөздіктері деп аталады.

    Сөздіктердің белгілі бір түрі тілдегі күллі сөздерді түгел қамтып сипаттауды мақсат етеді. Мұндай сөздік толық сөздіктер деп аталады. Сөздіктердің енді бір түрі тілдің сөздік құрамындағы барлық сөздерді емес, оның белгілі бір дәуірдегі сөздерді немесе лексиканың белгілі бір саласын қамтитын сөздік түрінде жасалады. Мұндай сөздік кіші сөздік немесе толық емес сөздік деп аталады. Сөздіктің бұл түрлеріне арнаулы сөздіктерді де жатқызуға болады. Олар: терминологиялық сөздік, синонимдер сөздігі, фразеологиялық сөздік және т.б. жатқызуға болады.

    Сөздердің сөздікте ана тілінде түсіндірілуі немесе басқа тілге аударылып түсіндірілуіне қарай сөздіктер екі түрге бөлінеді: алғашқысы – бір тілдік түсіндірме сөздіктер, екіншісі – екі тілдік немесе көп тілдік аударма сөздіктер.

    Сөздіктер оларда берілген сөздердің әліппи тәртібімен көрсетілуіне немесе сөздермен белгіленетін ұғымдардың топтарының рет–ретімен көрсетілуіне қарай екі түрге бөлінеді: 1) Дыбыстық немесе алфавиттік сөздіктер; 2) Идеологиялық сөздіктер немесе ұғымдар сөздігі. Сонымен, сөздіктерді шартты түрде төрт топқа бөліп қарауға болады.

 

6-слайд: ғалым К. Ахановтың бөлуі бойынша, лингвистикалық сөздіктер:

І. Сөздердің шығу тегі мен олардың семантикалық дамуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер. Оларға: 1. Этимологиялық сөздік. 2. Тарихи сөздік.

ІІ. Қазіргі тілдердегі сөздердің мағыналарын түсіндіріп, олардың қолданылуы жайлы мағлұмат беретін сөздіктер. Олар: 1. Түсіндірме сөздік. 2. Аударма сөздік. 3. Терминологиялық сөздік. 4. Диалектологиялық сөздік. 5. Фразеологиялық сөздік. 6. Синонимдер сөздігі.

ІІІ. Сөздердің дыбыстық құрылысы мен олардың жазылуы туралы мәлімет беретін сөздіктер. Олардың қатарына: 1. Фонетикалық сөздік. 2. Орфографиялық сөздік.

ІV. Заттар мен құбылыстардың ұғымдарын айқындап, түсіндіретін сөздіктер. Олардың қатарына: 1. Энциклопедиялық сөздік. 2. Иллюстративтік сөздік болып бөлініп жіктелген.

 

7-слайд: Аударма сөздіктер. Қазақ лексикографиясының шын мәнінде ғылыми тұрғыдан тексеріліп, етек алып жан-жақты дамуы кеңестік  дәуірде екі тілді аударма сөздіктерден басталады. Қазақстанда да екі тілді сөздік жасау мәселесі кең жолға қойылды. 1945 жылға дейін бастауыш және орта мектептерге  арналған екі тілдік шағын нормативті сөздіктер жасаумен  ғана шектеліп келген болсақ,  1946 жылы екі том  " Орысша қазақша сөздік ", ал 1954 жылы бір томдық үлкен "Орысша-қазақша сөздік " ( 50.000 сөз қамтиды, редакциясын басқарған проф. Н. Т. Сауранбаев,  бұл сөздік 1978, 1981 жылдары екі том болып қайта басылды, редакциясын басқарған Ғ. Мұсабаев, Н. Сауранбаев), 1954 жылы Х. Махмудов пен Ғ. Мұсабаевтың шағын " Қазақша-орысша " сөздігі жарық көрді. Бұдан басқа Қ. Бектаевтың «Үлкен қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігі (2001), академик М.С. Серғалиевтің «Орысша-қазақша сөздігі» мен «Орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздігі» (2004), академик Р. Сыздық пен проф. К.Құсайынұлының рекакторлығымен шыққан «Қазақша-орысша сөздік» (2003, 2008) сөздігі» атауға болады. Аталған сөздіктер орыс және қазақ тілдерін үйрену үшін, олардағы сөз байлығы мен сөз шеберлігін  меңгеріп алу үшін баға жетпес үлкен құрал болып табылады. Қазақ тілінің сөз байлығы өзге тілдермен де салыстырылып аударылғандары болды.  Мәселен, шағын түрде болса да " Ағылшын-қазақ сөздігі " /1960/, " Монғолша - қазақша сөздік " / 1954, 1977 /, " Арабша-қазақша түсіндірме сөздік " / 1969, 1984 /, " Парсыша-қазақша түсіндірме  сөздік "  /1974/, " Қазақша ағылшынша сөйлесу" /1966/, " Қазақша-немісше сөйлесу " /1968/ шықты.

             8-слайд: Терминологиялық сөздіктер. Белгілі бір тілдегі ғылым мен техника саласындағы арнаулы атаулардың сөздігін терминологиялық сөздік деп атайды. Терминдер топталып бір сөздік түрінде де, белгілі бір ғылым саласына байланысты жеке-жеке кітап болып та шыға береді. Мәселен, 1931 жылы шыққан " Атаулар сөздігі", 1936 жылы шыққан  " Қазақ тілінің терминдері ", 1948, 1950 жылы шыққан " Терминология сөздігі " ғылым мен техниканың  жеке бір саласына ғана арналмаған сөздіктер еді. Бұларда революциядан бергі кезеңде тілімізге енген термин сөздерді барынша жинақтап, жұртшылыққа ұсыну мақсаты көзделді. Елуінші жылдардан бергі кезеңде экономика мен мәдениеттің, техника мен ғылымның дамуына байланысты әрбір ғылым,  техника саласының терминдерін өз алдына жеке сөздік етіп басып шығарылды. 2000-жылы 32 томдық халық шаруашылығы, ғылым мен мәдениет салаларының барлығын қамтитын қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер сериясы шықты.

 

         9-слайд:  Түсіндірме сөздіктер. Түсіндірме сөздіктің алға қоятын мақсаты – бір тілдің белгілі дәуірдегі  жалпыхалықтық сипат алған сөздеріне  мағыналық, стильдік әрі грамматикалық жан-жақты сипаттамалар беріп, тілдің қазіргі даму тұрғысындағы сөздік құрамның  сан мөлшерін біршама анықтау. Сөздердің мағыналық нормаларын, стильдік түрлі қолданыстарын саралап көрсету.  Сонымен қатар сөздердің жазылуы мен айтылуындағы нормалардың ең дұрыс деген қалпын айқындай отырып, соған нақтылы түсінік беруді қарастырады. Сондықтан түсіндірме сөздік кейде нормативті сөздік деп аталады.  Нормативті түсіндірме сөздік бір томдық және көп томдық болып жасалады. Көлемінің үлкендігіне қарай көп томдық  түсіндірме сөздікті кейде академиялық сөздік деп те атайды.

          " Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі" ең алғаш рет екі том болып, 1959 және 1961 жылдары басылып шықты. Оның жалпы редакциясын проф. 1. Кеңесбаев басқарды. Бұл сөздік жұртшылықтың күнделікті кәдесіне жарап, азды-көпті мәнді қызмет атқарды. Қазақстан Ұлттық Ғылым  академиясының Тіл білімі институты 1967 жылдан бастап  " Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін " көп том / он том / етіп шығару жұмысына бел шешіп , кіріскен еді. 1974-1986 жылдар арасында он том болып, жарық көрді. Оның жалпы редакциясын басқарған проф. А. Ысқақов. Сөздікке 67 мыңдай атау сөздер, 24,5 мыңдай фразеологиялық тіркестер, барлығы 91, 5 мыңдай лексикалық тұлға қамтылып, жалпы саны 103, 5 мыңдай мағыналық анықтама берілген. Бұл сөздіктің алға қойған мақсаты – қазақ тілінің сөз қорындағы сөздерді мүмкін болғанынша түгел қамтып, хатқа түсіру есебін алу. Тіліміздегі сөздердің мән-мағыналарын дәл анықтай отырып, олардың әдеби нормаларын белгілеу. Реестерге алынған сөздердің қай сөз табына қатысты екендігін көрсететін белгілер де берілген.

        Т. Жанұзақовтың редакторлығымен жарық көрген «Қазақ тілінің сөздігінде» (1999, 2008) 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркестерінің түсіндірмесі берілді. 2006 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақ тілінің сөз байлығын молынан қамтитын он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» басылымдары жарыққа шықты.

 

10-слайд: Абай тілінің сөздігі. Белгілі бір ақын-жазушының шығармаларының тіліне арналған сөздікті арнаулы сөздік деп атайды. Әрбір ұлы жазушы өз заманының куәсі, айнасы. Тіл білімі институты 1968 жылы Абай Құнанбаев шығармаларының сөздігін  / көлемі 80 баспа табақ / жасап, бастырып шығарды. Абай шығармасында қолданылған араб, парсы және орыс сөздері негізінен екі салаға бөлініп қаралады. Оның бірінші түрі қазақ тілінің лексикасына біржола еніп, ана тіліміздегі төл сөздердей етене болып кеткен жалпы халыққа таныс сөздер. Ал екіншісі – Абай шығармаларында ғана ұшырасатын, бірақ қазақ тілінің сөздік құрамынан белгілі орын таба алмаған бейтаныс, бөгде сөздер. Ақынның шабытты, сәтті шақтарында  өзінің ұшқыр қаламынан туған мақал-мәтелдік сипат алған, толып жатқан қанатты ғақлия сөздері бар. Осы сөздерге кеңінен түсінік беріледі.

 

          Этимологиялық сөздік. Этимологиялық сөздік белгілі бір тілдегі сөздердің шығу төркінін,  олардың бастапқы дыбысталуы түрі мен мағынасын анықтайды. Тілдің даму барысында сөздер түр - тұрпаты мен мән - мағынасы  жағынан қандайлық өзгерістерге ұшырағандығы айқындалады. Яғни сөздің о бастағы түрі мен мәнін  туыстас тілдердің материалдарымен салыстыра отырып ашып, қазіргі қалпына дейін қандай даму процестерін өткендігі көрсетіледі.

         "Қазақ тілінің  қысқаша этимологиялық сөздігі "  1966 жылы жарық көрді. Мұнда 333 сөздің арғы түп-төркіні, алғашқы тілден ауысқандығы, қандай тұлғада айтылғандығы көрсетілген.

          Этимологиялық сөздік - білім салаларының өзара ұштасып қабысуын талап ететін өте жауаптыда қиын жұмыс. Туған халқының ежелгі тарихын емін -еркін білумен қатар тарихи фонетиканы, грамматиканы, лексиканы да жете білуді талап етеді. 

                                                                                                            Ұсынылатын әдебиеттер:

    Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006.

    Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 2013.

    Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.