Артқа
Алға
1-слайд: Омоним мен көп мағыналық (полисемия) құбылыстары негізінен жеке сөздердің арасында жиі ұшырасады. Ал фразеологизмдерге бұл құбылыс онша тән емес. Дегенмен, кейде бұлардың арасында да омоним құбылысы кездесіп қалады. Мысалы: 1. Ат қойды – ат ой салып шаба жөнелді; 2. Ат қойды – балаға есім беру; 1. Жүзі қайтты – тауы шағылып, беттей алмады; 2. Жүзі қайтты – кесу, шабу құралдарының өткір жағы жапырылып қалуы; 1. Аузы берік – аузы ораза, ораза ұстаған; 2. Аузы берік – сыр сақтағыш, құпияға берік.
Тілдегі жеке сөздер тәрізді тұрақты тіркестердің де кейбіреулері көп мағыналы болып кездеседі.
Мысалы: Ат үсті: а) жол-жөнекей, жолшыбай, ә) жеңіл-желпі, үстіртін; Қара су: а) ақпайтын көлшік су, ә) жай ғана судың өзі.
Фразеологизмдерден туатын көп мағыналық екі түрлі жолмен жасалады. Оның бірі – жалғаса туады, екіншісі – жарыса туады. Мәселен, ат үсті деген тұрақты тіркестің ең алғашқы мағынасы, ат үстінде жүрумен байланыстырып шыққан. Содан соң осы ұғымға жалғастырып қолдану арқылы үстірт, үстіртін мағынасы пайда болған. Сол сияқты тұғырдан тайды – қартайған бүркіттің тұғырда орнығып отыра алмауын адамға ауыстырып, бейнелеп қолдану арқылы соңғы мағыналары (бұрынғы дәуреннен қалды, қайраты қайтты; баладан қалған, тоқтаған әйел) жарыса шыққандығын аңғаруға болады.
Мәселен, иі қанды (жетті) деген тұрақты тіркестің ең алғашқы мағынасы илеген заттың (терінің) илеуін жеткізу, әбден жұмсарту, жұмсақ қалыпқа келтіру болса, одан соң бір нәрсені әбден жетілдіріп шыңдап кемеліне келтіру ұғымы келіп шықты.Соңғы фразеологиялық туынды мағына, алғашқы мағынаның негізінде жалғаса пайда болады. Кей жағдайда жалғаспалы мағына мен жарыспалы мағына бір-біріне ұласып, үсті-үстіне туынды мағына жамал беруі мүмкін. Мәселен, зәрі қайтты дегенмен а) уы қайтты, тарады; ә) жылым бастады; б) ашуы басылды деген үш түрлі мағына туындаған. Бойдағы удың таралуын табиғат құбылысына, одан кейін адамның мінез-құлқына бейнелеп қолдану арқылы туынды мағыналар бір-біріне ұласып отырғандығы айтылған ойға айқын дәлел бола алады.
2-слайд: Тұрақты тіркестер жеке сөздің орнына жұмасалып қана қоймайды, сонымен қатар, мән-мағынасы жағынан үйлес келіп, бірінің орнына бірі балама болып та қолданыла береді. Мұндай құбылыс тіл білімінде фразеологиялық синонимдер деп аталады. Қазақ тілі лексикалық синонимдерге қандай бай болса фразеологиялық синонимдерге де соншалықты бай. Бірақ олар өздерінің стильдік, мағыналық ерекшеліктерін сақтап отырады. Мәселен, Біреудің бір нәрсеге құмартқандығын айтқымыз келсе: аузынан су ақты, аузының суы құрыды, көзін жұмып, аузын ашты т.б. Міне, мұның барлығы етістік фразеологиялық синонимдердің соншалықты байлығын көрсетеді.
Фразеологиялық синонимдер көркем образ жасауда жиі қолданылады
Фразеологизмдер мән-мағынасы жағынан бір-біріне үйлес келіп, өзара бір-бірімен синоним болып жұмсалатындығы сияқты бұлар мән-мағынасы жағынан қарама-қарсы болып қолданылады. Тұрақты тіркестердің арасындағы осындай кереғар құбылстарды фразеологиялық антонимдер деп атауға болады.
Қазақ тілінде фразеологиялық антонимдер негізінен екі түрлі болып кездеседі. Мұнің бірінші түрі тұрақты тіркестердің өз ішіндегі компоненттерді басқадай сөздермен алмастыру арқылы жасалады. Мысалы: аты шықты – аты өшті, ат ізін салмады – ат ізін құрғатпады, бақ қонды – бағы тайды, көзі тірі – көзі жоқ: жас ет – сүр ет, аузы ашық- аузы берік т.б.
Фразеологиялық антонимдердің екінші түрі құрылым құрылысы жағынан мүлдем басқа сөздерден жасалады.
Мысалы: салт басты – үйлі боранды
еңкейген кәрі – еңбектеген бала
ақ ниет – арам ой
әу баста – ақыр соңында
бауыр басты – жат бауыр болды.
3-слайд: Фразеологиялық варианттар. Фразеологизмнің мағына бірлігінде ешқандай өзгешелігі жоқ, құрылым-құрлысы жағынан ұқсас (үйлес) келген түрлері фразеологиялық варианттар деп аталады.
Фразеологиялық варианттар екі түрлі болады:
а) фонетикалық вариант
ә) лексикалық вариант.
а) Фонетикалық вариантқа тұрақты сөз тіркесінің құрамына енген кейбір сөздердің бірде жуан, бірде жіңішке, кейде толық, кейде қысқарып айтылуы жатады.
Мәселен, ай дейтін ажа жоқ, қой дейтін қожа жоқ дегенді әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ деп те айта береді. Мұндағы ай мен әй, ажа мен әже бір-біріне фонетикалық вариант болып есептеледі. Сол сияқты адыра (адырым) қал, әдіре (әдірем) қал деп те айтыла береді.
Лексикалық варианттар фразеологизмдердің арасынан өте жиі ұшырасады. Мысалы: ағама жеңгем сай – апам жездем сол алақанын жойды – қолын жайды, ант атқан – ант ұрған, аспанмен таласқан – аспанмен тілдескен, атарға оғы жоқ – атарға оғы болмады, жасөспірім – жас ұлан – жас түлек.
4-слайд: Фразеологизмдердің шығу арналары. Тілдегі фразеологизмдердің жасалуына сан түрлі құбылыстар, ұғымдар, түсініктер себеп болған. Солардың бастылары:
Көптеген фразеологизмдердің жасалуына адам ойында қорытылған құбылыстардың нақтылы бейнесі негіз болған. Мысалы: арс етті (беттен алды, қарсы келді) деген фразеологизмнің негізінде иттің қарсылық білдіріп, айбат шегуі жатыр кейіннен бұл мағына адамға қатысты айтылатын болған.
Мысалы: ат басына күн туды
ат-тонын ала қашты
исі мұрнына кірмеді.
Көптеген фразеологизмдер өлшемдік ұғымдардың негізінде пайда болған.
а) уақыт, мерзімі өлшемдері: күн шыға, тапа-тал түсте, түс ауа, ымырт жамыла, ел жата, таңға жақын.
ә) көлем өлшемдері: бір үйір жылқы, бір жағым от, бір тілім нан, бір қайнатым шай, бір асым ет, бір киер киім.
Қазақ халқы рев-ға дейін көшіп-қонып көшпенділік дәуірді ұзақ уақыт басынан өткізгендігі белгілі. Олар жаз жайлауда, қыс қыстауда, күз күзекте бірден-бірге көшіп-қонып жүргенде, уақыт мерзімін, ұзындық пен көлемді қалай өлшеп білген деген заңды сұрау тұрады.
Өткен заманда қазақтар уақытты сағатпен нақтылап өлшегенмен, секунд, минут, сағат деген ақыт өлшемдерін шамамен дәл болжай білген.
Мәселен, секунд ұғымын – қас қағым, кірпік қаққанша, демнің арасында деген дене мүшелерінің қимыл-қозғалысы арқылы білдірген. Минут пен сағатты бие сауым, сүт пісірім, шай қайнатым, ет асым сияқты нақтылы мөлшерлі уақытпен білдірген.
Бірсыпыра фразеологизмдер діни ұғымдар мен ескі әдет-ғұрыптарға байланысып жасалған. Мысалы, ант су ішті, қыс көпір, иманды адам, құран сөзіндей, періштенің құлағына шалынсын, пітір берді, дем салда т.б.
Кейбір тұрақты тіркестердің жасалуына аңыздар мен түрлі ұғымдар. Өткен тарихи оқиғалар негіз болған. Мысалы: қайда барса да Қорқыттың көрі, Есімханның ескі жолы, Қасымханның қысқа жолы, мал құлағы саңырау, отқа май құйды, құба қалмақ заманы, шашбауын көтерді т.б.
Фразеологизмдердің пайда болу жолдары, шығу арналары, бұл айтылғандармен шектелмеуге тиіс. Олардың жасалуы мен түп-төркініш әлі де зерттеу келешектің ісі.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006.
Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 2013.
Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.