Лексикология
Дәріс-12

Артқа Алға

        1-слайд: Тіліміздегі сөз байлығымызда тек жеке сөздер ғана емес, құрылысы жағынан күрделі бірліктер де кездеседі. Мысалы: тайға таңба басқандай, төбе шашы тік тұрды, су жүрек т.б. Мұндай сөздер тілімізде фразеологизмдер немесе тұрақты тіркестер деп аталады. Фразеология сөзі екі мағынада қолданылады: 1) тілдегі тұрақты  тіркестерді  зерттейтін тіл білімінің  саласы; 2) бір тілдегі фразеологизмдердің  тұтас жиынтығы.

         Фразеология деп, кемінде екі сөздің, сонымен қатар бірнеше сөздің тұтас бір меншікті мағынаға ие болып, бір бүтін бірлікке айналуын айтамыз.

Фразеологизмдердің  өз алдына   дербес лингвистикасы саласы екендігін танытатын негізінен үш түрлі  басты белгісі бар. Олар: 1) даяр қалпында жұмсалу белгісі, 2) мағына тұтастығы, 3) тіркес тиянақтылығы

Фразеологизмдердің  даяр қалпында  жұмсалу белгісі еркін сөз тіркесімен салыстырғанда айқын байқалады. Мәселен, Дәурен қалаға жүрейін деп отыр деген бір сөйлемді әркім неше саққа жүгіртіп өзгерте беруіне болады. Мысалы: Дәурен қалаға жүрмекші, Дәурен жақын арада қалаға бармақшы, Дәурен қалаға барам ба деген ойда, Дәуреннің  қалаға  барам ба ойы бар т.б. Бұл сияқты  еркін сөз тіркестері қатынас жасау процесінде әркімнің өз қалауы бойынша  жасалады. Белгілі бір ойды кім қалай етіп жеткізсе де өз еркі деген сөз. Ал тілдегі   фразеологизмдер бұлай етуге,  құбылтуға көнбейді. Мәселен,  төбесі көкке жетті  дегенді төбесі көкке жетейін деп тұр, төбесі көкке  жетпекші деп өзгертуге болмайды. Ешкімнің ырқына көнбей,  даяр тұрған құрылыс материалы ретінде қызмет етеді де,  сол қалпында сөйлемнің құрамына енеді.

Фразеологизмдердің  өзіндік екінші белгісі – мағына тұтастығы. Фразеологизм біткеннің  бәрінде де белгілі  бір меншікті мағынасы болады. Ол мағына тұрақты тіркесті  құрастырушы сыңарлардың  мағыналарына  сәйкеспейді,  оларға тәуелсіз  өздігінен өмір сүреді. Мәселен,  жерден жеті қоян тапқандай  дегеннен қатты қуанды, шаттанды дегенді, түсінеміз. Бұл мағынада  жер, жеті, қоян табу деген төрт сөздің  бірде біреуімен  байланыспайды, бірақ сол төрт сөздің қаз- қатар жұптасып қолдану арқылы пайда болады. Фразеологизмдер бір бүтін единица ретінде  қолданылып қана қоймайды, мағыналық жағынан да біртұтас единица ретінде көрінеді. 

Тіркес тиянақтылығы да  фразеологизмдердің  ең негізгі белгілерінің  біріне жатады. Тиянақты сөз тізбегіндегі сөздер әркімнің қалауынша  емес,  қалыптасқан белгілі жүйемен орналасқан. Өзара тығыз жымдасып орналасқан сөздердің жігі ажыратылмай тұрады. Олар бір-бірімен иін тіресіп,  өзге сөзбен алмастыруға я болмаса, тұрақты орын тәртібін өзгертуге келмейді.  Мәселен, мұрнын көкке көтерді дегеннің орнына қолын көкке көтерді десек, мән- мағынасын бүтіндей өзгертіп жібереді.

 

    2-слайд: Қазақ тіліндегі фразеологизмдер де фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік және фразеологиялық тізбек болып, негізінен үш топқа жіктеледі.

Фразеологиялық тұтастық. Бұл топқа фразеологизмнің құрамындағы сөздер бір-бірімен тұтасып, әбден жымдасып кеткен, олардың мағыналық жігін ешқандай ажыратуға болмайтын тұрақты тіркестер жатады. Мәселен, мұрнынан шаншылып жүр, мұрнына су жетпеді дегеннен қолы тимеді, бұрылуға мұршасы болмады дегенді түсінеміз. Бұл мағына осындағы үш сөздің тұтас жиынтығынан келіп шығады. Түйдек ішіндегі жекелеген сөздерге талдау жасап, бірін екіншісінен бөліп алуға көнбейді.

Фразеологиялық тізбек. Еркін тіркесті ауыспалы мағынада қолданудан келіп шығады. Яғни тұрақты тіркес сыңарларының бастапқы лексикалық мағынасы бүтіндей жойылмағанымен, жойылуға жақындап, күңгірт тарта бастаған. Мұнда ерікті мағынасындағы сөз бен фразеологиялық қалпындағы сөздің тіркесуінен жасалып, сол тізбек күйінде қолданылады. Мысалы: бота көз, қоян жүрек, асқар бел, тоң мойын

Фразеологиялық бірлік. Бұлар да орын тәртібі жағынан өте тиянақты болып келеді. Бұлар ең алғашқы еркін тіркесті ауыс мағынада қолданудан келіп шығады. Алайда, құрамындағы сөздердің мағынасының қаншалықты тасалануы я болмаса, тасаланбауы жағынан елеулі өзгешеліктері болады. Мәселен, ескі жараның аузын ашты дегеннен өткенді қайта қозғады, ұмытып кеткенді еске салды дегенді түсінеміз. Бұл фразеологиялық мағынаның жасалуына, сөз жоқ, ең алғашқы еркін тіркестегі тура мағынасы негіз болған. Сол мағынаға басқадай мән беріп, ауыстырып қолдану арқылы жасалған.

 

  3-слайд: Фразеологизмдер қолданылу аясына қарай үш аспектіде қарастырылады: Тілдегі ең негізгі, өнімді жұмсалатын фразеологизмдер; Көнерген фразеологизмдер; Пассив фразеологизмдер.

         

           4-слайд:  Көне фразеологизмдер тілімізде көптеп кездеседі. Көне фразеологизмдерді де лексика тәрізді көнелену сипаты мен тілдегі қолданылу ерекшелігіне қарай архаизмдер мен историзмдер деген екі салаға бөлеміз. Қазақ тілінде архаизмге айналған фразеологизмдердің  мынадай түрлері бар:

    Салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты фразеологизмдер: сауын айту, ұрын бару, қол ұстатар, күйеу аттандырар, шаш сипату, ат-шапан айып, жылу жинау т.б.

    Дни ұғымға қатысты фразеологизмдер: шахид кешу, үшкілсіз көйлек кию т.б.

    Үй-тұрмысына, мал атауларына қатысты фразеологизмдер: дәулеті күнге артылу, қазаны оттан түспеу, құнсыз кету, ит түрткі көру, есігінде жүру, қара табан т.б.

    Мал атауына қатысты фразеологизмдер: тоғынды сарты нар, табаны жалпақ тарлан, суын түсті жүйрік т.б.

    Адамға қатысты фразеологизмдер: сөзі аузына сыймаған, қара сирақ, көкірегі жаулы, жуан жұдырық, алтын тонның жеңі болу, найзасының ұшы алтын кісі т.б.

    Көңіл-күйге қатысты: көзім қамау, жүрекке сары су болу, топқа жаяу бару, жағасына қол тию, саусағын жерге түсірмеу, ақылды белден алдыру т.б.

    Әр түрлі ұғымға қатысты: арғымақ сайлау, хан талау қылау, артқы топтан адаспау т.б.

           Тарихизмге айналған фразеологизмдердің  түрлері:

    Тарихи кезеңдерге қатысты: алты сан алаш, ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама, Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы, Күл төбенің басында күнде жиын, құба қалмақ заманы т.б.

    Әскери атақ пен қару-жараққа қатысты: ала балта, қара нөпір қол, түмен басы, дулығалы бас, қоңыраулы найза, сары жүн оқ, қара мылтық т.б.

    Кеңес тұсында пайда болған фразеологизмдер: қызыл отау, ақ банды, ұя хатшы, қазынаға түсіру, ауыспалы қызыл ту, социалистік жарыс т.б.

 

           5-слайд: Пассив қолданылатын фразеологизмдерге халқымыздың көшпенді дәуірінде уақыт мерзіміне, ұзындық пен көлемге қатысты қалыптастырған тұрақты тіркестерді жатқызамыз:

      1) Уақыт, мерзім өлшемдері: ел орынға отыра, ел жата, ел жайлауға көшерде, күзем алып жатқанда, қой қырқарда т.б.

       2) Көлем өлшемдері: бір тайпа ел, бір қора қой, бір тең жүк, бір саба қымыз, жер қайысқан, бір білем май, бір шағым қант т.б.

       3) Ұзындық, қалыңдық, тереңдік өлшемдері: сала құлаш жіп, ат шаптырым, айлық жол, оқ бойы, сүт пісірім, түстік жер, сынық сүйем, бір сүйем, бір елі т.б.

 6-слайд: Тілдегі ең негізгі, өнімді жұмсалатын фразеологизмдер құрылым-құрылысы жағынан екі топқа бөлінеді: 1) Құрылым-құрлысы сөздердің белгілі бір тіркесі болып келетін фразеологизмдер. Мысалы: шақша бас, қарақат көз, ашық ауыз, ала қол, бүйрек бет, қамыт аяқ, құба жон, қалқан құлақ, мұрты шағылмаған, жауырын құрлы көрмеді, саусақпен саңарлықтай, т.б.

2) Құрылым-құрлысы жағынан сөйлемге тең фразеологизмдер.

Мысалы: бір қолын екі ете алмады, екі иығынан дем алды, үш ұйықтаса, ойда жоқ, ел бетін көрместей болды, табанын жерге тигізбеді, аузына ақ ит кіріп, қара ит шықты, ішкен асы бойына тарамады, көзіне көк шыбын үймелетті, көрер таңды көзімен атырды, ашса алақанында, жұмса жұмырығында, ішкен асын жерге қойды т.б.

 

7-слайд: Сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбай, даяр қалпында қолданылу жағынан мақал-мәтелдер фразеологизмдерге ұқсайды. Мақалдар негізінен екі бөлімді болып келеді де алдыңғысында іс-әрекеттеу шарты мен жағдайы айтылып, соңынан сол пікірді түйіндеп қорытындылайды. Я болмаса, екі нәрсені бір-біріне қарсы қойып салыстырады.

Мысалы: Атың барда жер таны, шауып жүріп,

                Асық барда ел таны, беріп жүріп.

                Балық аулай алмаған суды лайлайды т.б. 

 

Фразеологизмдер сияқты мақал-мәтелдерде әбден қалыптасқан орныққан, орны бекем болады. Бұлардың компоненттерінде де өзара алмастыруға немесе басқадай сөзбен өзгертуге келмейді.

Мақал-мәтелдердің фразеологизмге жуықтайтын жері тек тілдегі даяр тұрған материал болғандығында ғана емес, мақал-мәтелдердің көпшілігінде кейде тұжырымды оймен қатар бейнелі ишарат білдіреді.

Фразеологизмдердің мақал-мәтелдерден айырым белгілері: Сөз саны жағынан мақал-мәтелдерге қарағанда фразеологизмдерде өте шектеулі болады. Көпшілігінде екі, я үш-төрт сыңарлы болады. Мысалы: қол бала, қолы ұзын, қолы тар, қол артты, қол бояды, қол алдына сыймайды т.б.

          2) Мақал-мәтелдердің құрамындағы сөздер өзінің байырғы лексикалық мағыналарынан қол үзіп, онша тасаланбайды; 3) Фразеологизмдердің мағынасы астарлы бейнелеу мәнде келсе, мақал-мәтелде уағыздау, үндеу мәнде келеді; 4) Мақал-мәтелдерде ұғымнан гөрі нақтылы ойды түйіндеп айту басым болады. Сондықтан олар сыртқы құрылысы жағынан сөйлемге ұқсайды. Ал фразеологизмдерде нақтылы бір ұғымды астарлап айтып, сыртқы тұлғасы жағынан жеке сөзге теңесіп тұрады.

Өзінің құрамы жағынан фразеологизмдерге мақалдан гөрі мәтелдер бір табан жақын келеді. Мақал белгілі бір ұғымды тікелей білдірсе, мәтел белгілі бір ұғымды жанамалап, тұспалдап айтады.

Мысалы: бөрік кигеннің намысы бір, кісідегінің кілті аспанда, алаған қолым береген т.б.

 

        8-слайд: Фразеологизмдер мағына жағынан бір ұғымды білдіріп, бір сөздің орнына жүргендіктен, сөйлем ішінде бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрады. Олай болса, әрбір тұрақты тіркес белгілі бір сөз табына бағынышты болады деген сөз. Мысалы: көзді ашып жұмғанша дегеннен тез жылдам деген мағынаны түсінеміз. Бұл мағына үстеуге қатысты болғандықтан сөйлемде пысықтауыштық қызметін атқарады. Сол сияқты дүниенің төрт бұрышы деген бүкіл әлем, жер шары дегенді білдіреді. Мағынасы жағынан зат есімге жатады. Сөйлем ішінде баст. қызм. атқарады.

       Қос тіркесті фразеологизмдерді сөз табына қатыстылығы жағынан негізінен 4 топқа бөліп қарауға болады:

        Етістік мағыналы фразеологизмдер: көзінің еті өсті – көкірек керді, менсінбеді; қолды болды – ұрланды; екі аяғын бір етікке тықты – тықсырды, қуырды; насырға шапты – ушықты; аузының суы құрыды – таңданды, таңырқады; көзінің еті өсті – менсінбеді, көкірек керді т.б.

           Сындық мағыналы фразеологизмдер: аспанмен тілдескен – биік, ұзын; үріп ауызға салғандай – сүйкімді, әдемі; қой аузынан шөп алмас – жуас, момын; тілінен бал тамған – шешен; екі жүзді – опасыз, сатқын;  жүрек жұтқан – батыр, батыл т.б.

          Заттық мағыналы фразеологизмдер: кіндік кесіп, кір жуған жер – туған ел, отан; от басы – үй іші, ошақ; ел ағасы – басшы, басқарушы, бір ауыздылық – ынтымақ, бірлік; о дүние – ақырет; шикі өкпе – бала, перзент т.б.

           Үстеу мағыналы фразеологизмдер: атқан оқтай – түп-тузу; жұлып алғанша – тез, жылдам; аяқ астынан – кенеттен, жоқ жерде; қаннен қаперсіз – жайбарақат, бейқам;  айдың күні аманында – жайшылықта, тыныштықта; бір төбе  - ерекше, айырықша т.б.

Қос тіркестігі фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығы жағынан ең көбі – етістік фразеологизмдер.

 

 

                                                                                                          Ұсынылатын әдебиеттер:

    Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006.

    Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 2013.

    Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.

    І. Кеңесбаев. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі