Лексикология
Дәріс-11

Артқа Алға

        1-слайд: Сөйлеу я жазу үстінде сөз қалай болса солай қолданылмайды.  Адам қашанда өзінің айтайын деген ойына, мақсатына лайық сөздерді халықтық лексикадан іріктеп, талғап-таңдап қолдануға тырысады. Мысалы, сөздердің күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде айтылуы мен жазба тілде қолданылуы бірдей емес. Жазба тілде ой әр стильдің өзіне тән, оған телінді сөздермен жүйеленіп, бір беткей баяндалып отырса, сөйлеу тілінде  тыңдаушыларға  лайықталып, жазба тілдік үлгіден ауытқып отырады. Сол сияқты қарапайым заттық-логикалық ұғымы бар сөздер мен адамның сезіміне әсер ететін бояулы мәнерлі сөздердің стильдік  қызметіне байланысты  түрлері пайда болады. Сөздердің қызметіне қарай жіктелуі функционалдық-стильдердің түрлерімен  үйлес келіп отырады. Стильдің әр саласында  сөзді қолданудың қалыптасқан үйреншікті орны, үлгісі болады.  Әр сөз өзінің дағдылы орнында тап басып қолдануды талап етеді.         

Сөздердің стильдік қызметіне байланысты түрлерін мынадай кестемен көрсетуге болады.

Тілдегі функциональдық стильдер іштей сараланып, бірнеше түрге бөлінгенмен, олар бір-бірінен алшақ жатқан кереғар дүние емес, олар өзара байланысты. ара жігі жылжымалы болып келеді.

 

    2-слайд: Стильаралық бейтарап лексика. Стильаралық лексикаға  функционалдық  стильдердің  ешқайсысына да жатқызуға болмайтын сөздер жатады. Мысалы, нақты  заттар мен құбылыстарды білдіретін: еңбек, күнкөріс, кемшілік, көпшілік, ауа райы, белгі, сапа  қасиетті білдіретін: байыпты, икемді,  пайдалы, зиянды, таулы. Қимыл әрекетті білдіретін: көтеру, аудару, күресу,  қуану, ренжу. Жалпыхалықтық сөздердің стильаралық сипаты бар. Бұл тәрізді сөздер  функционалдық стильдердің бәрінде  де қолданылады, олардың қолданылуына  стиль жағынан шек қоюға болмайды. Керісінше,  көптеген  сөздер белгілі  бір стильге телулі  болады да,  қолданылу жағынан шектеліп отырады. Мысалы: тағайындалсын, міндеттелсін,  осы анықтама берілді, қаулы етеді, жарлық етеді,  түсініктеме- ресми  іс қағаздар стильінде, ағымдағы істер, ақпарат хабарлар, ресми сапар, алдыңғы қатардағы; публицистикалық стильде; гербарий, жылу энергиясы, қатты дене, молекула-ғылыми стильде қолданылатын сөздер болып табылады.

Бұл айтылғандардан стильаралық лексиканың жалпылық, ал функционалдық стильдердің шектеулі сипаты бар екенін көреміз. Стильаралық  сөздер нақты бір стиль  дәрежесінде емес, стильдердің  бәріне қатысты болғандықтан, бейтарап лексика деп те аталады. Стильаралық  бейтарап лексика  өзінің осындай  қасиеттеріне байланысты  функционалдық  стильдерден ерекшеленіп отырады.

  3-слайд: Сөздер зат, құбылысты, олардың  белгі-қасиетін, болмаса іс-әрекетін ғана атап білдіріп қоймайды,  сонымен бірге адамның  сезіміне әсер ететіндей стильдік  мәнге ие болады. Адамның сезіміне  әсер ететін сөздер тобы экспрессивтік-эмоционалды лексика деп аталады. Сөздің  экспрессивтік  сипаты оның бейнелі, мәнерлі  айтылуынан,  ал эмоционалдығы оған қоса  адамның   бір затқа, құбылысқа өзіндік көзқарасын,  көңіл күйін, сезімін білдіруінен көрінеді. Сөздің бейнелі,  мәнерлі айтылуы мен сезімге  әсер ету қасиеті бір-бірімен тығыз байланысты. Эмоция бар жерде  экспрессивтік болады. Ол эмоционалдық бояуы бар сөздер арқылы  білдіріледі. Экспрессивтік-эмоционалды сөздер барлық стильде бірдей қолданыла бермейді, олар негізінен  сөйлеу тілі мен көркем  әдебиетке тән. Экспрессивтік-эмоционалды сөздер жағымды, жағымсыз болып бөлінеді. Мысалы:  масқара, әттең, жайсаң, дарқан, ербию, тыртию, үрпию, шілтию, ғаламат, керемет, ғажайып, шырқау (биік), жарайсың немесе шүңірек (көз), арбиған (дене),  міңгірлеу, сүмеңдеу,  т.б.

           4-слайд: Сөйлеу тілі лексикасы. Сөйлеу тілі лексикасы дегеніміз қарым-қатынас жасау мақсатында еркін сөйлеу үшін алдын ала дайындықсыз қолданылатын сөздер.

       Сөйлеу тілі лексикасына  функционалдық сөйлеу стиліне  тән сөздер жатады. Сөйлеу стилінің  лексикасы лексика-семантикалық,  экспрессивтік-стилистикалық  сипаты  жағынан өз ішінде  біріңғай емес. Сондықтан мынандай топтарға бөлінеді: 1) тұрмыстық-қарапайым лексика, 2) әдеби сөйлеу лексикасы, 3) варваризмдер.

         1) Тұрмыстық-қарапайым лексикаға күнделікті өмірде, тұрмыстық қарым-қатынаста қолданылатын жалпы халыққа белгілі, сөйлеу тілінің аясындағы сөздер жатады. Тұрмыстық қарапайым сөздердің ішінде  бір нәрсенің бағасын кеміту,  құнын төмендету мақсатында қолданылатын, стилистикалық бояуы бар  сөздер, дөрекі, тұрпайы сөздер, қарғыс-алғыс мәнді сөздер көп кездеседі. Мысалы, оған кемсітіп, мұқатуды, жаратпауды білдіретін: қортық, мыртық, қатын, су мұрын, байқұс, боз өкпе, мысқыл мен мазақ  мәніндегі: шолжақай, ерке тотай, бос белбеу. Тұрпайы дөрекі мәнді: қақбас, ит неме,  қызыл танау болды,  қарғыс мәнді: адыра қалғыр, бықпырт тигір, алғыс-тілек мәнді: жолың болғыр,  көп жасағыр,  тәңір жарылқасын,  алла жар болсын, жамандық көрме  т.б. сөздер мен тұрақты сөз тіркестері жатады.

          Қарапайым  сөздер мен тұрмыстық   сөздердің әлденеше  түрлері  фразалық  тіркесте де баршылық. Мысалы: ауыз шайымға келмейді, түкке тұрғысыз, жылан жалағандай т.б. Әдеби тілде бұлардың орнына  неғұрлым  жағымды да сыпайы,неғұрлым  стильдік  мәні жағынан  бейтарап  деген синонимдер жұмсалады.

         2) Ауызша әдеби  сөйлеу адамдардың  әр түрлі тақырыпта  өзара сұхбаттасуынан  басқа лексия оқыған кезде, интервью бергенде,  теледидардан сөйлегенде қолданылады.

        Ауызша әдеби  сөйлеуде, біріншіден, қаншама мәдениетті сөйлегеннің  өзінде ауызша  тілге тән ерекшеліктер (адамның бет, қол қимылының араласып отыруы, екпін, интонацияның  құбылып отыруы, үзіліс, кідіріс (пауза) жасалып отыруы т.б.) қалайда қатысып отырады. Екіншіден, ауызша  әдеби сөйлеуде  жазба әдеби тілде көп кездесетін  абстракт сөздер мен арнаулы терминдер аз қолданылады. Сөйлеуші өз ойын тыңдаушыға тым  күрделендірмей,  ұғымды, түсінікті жеткізуге тырысады. Дегенмен, онда кейбір қарапайым-тұрмыстық сөздер (мысалы: лағып кету, тәйірі, бәсе, бәрекелді, бықсық, қитұрқы т.б) орын алуы мүмкін, бірақ дөрекі, тұрпайы сөздер қолданылмауға тиіс. Үшіншіден, ауызша сөйлегенде  сөздердің орын тәртібі жазба тілдегідей қатаң сақтала бермейді. Баяндауышы бастауышынан  бұрын, анықтауышы анықтайтын сөзінен кейін т.б. келе беру мүмкін. Сөйлемнің толық айтылмай қысқарып, ықшамдалып, толымсыз түрде айтылуы жиі кездеседі.

        3) Варваризмдер тілге нақты сіңбеген,  сол тілдің өзінің баламасы бар бола тұра, өзге тілдің сөздері. Мысалы: уже, даже, то есть, иес т.б. Варваризмдерді  қолданудың  әр түрлі жолдары бар:

      Кейде  бір халықтың  шынайы  өмірін, тұрмыс салтын суреттеп көрсетпек болғанда, тыңдаушыға ерекше әсер етіп,  күлдіру үшін, өзге  тілдегі сөздерді  сөзбе-сөз  аударуға қиын тиген  жағдайда, қоғамдағы жағымсыз  жексұрын типтерді  халыққа мазақ етіп келемеждеу үшін, ана тілін білуге мән бермей, оған жүрдім-бардым қарап, тіл шұбырланушыларды келемеждей үшін де жазушылар варваризмдерді жиі пайдаланады.

 

 5-слайд: «Кітаби лексика»  термині  жалпы жазба тілде (әдебиетте) қолданылатын сөздерді білдіреді. Жазба тілсіз әдебиет,  жазба әдеби тіл болмайтыны белгілі. Демек, жазба тілде қолданылатын сөздер әдеби лексикаға жатады. Кітаби лексика  дегеніміз әдеби лексика. Әрине,  әдеби тіл дамуының  барлық дәуірлерінде әдеби лексика бірдей болуы мүмкін емес, сол себепті ол өзінің даму, қалыптасу тенденциясына қарай  іштей жіктеліп отырады. Мәселен,  қазақ тіліндегі  кітаби лексика тарихи және қазіргі тұрғыдан екі салаға бөлінеді: 1) ескі дәуірдегі кітаби лексика, 2) қазіргі кітаби лексика.

         1) Ескі кітаби тіл дәстүрі  қазақ әдеби тілінің  барлық кезеңдеріне де  әсерін тигізген. Оны қазақтың  ауыз әдебиет үлгілерінен  де, XV-XVII, XV-XVIII-ХІХ ғасырлардағы  әдеби тілден де,  жаңа жазба әдеби тілдің  негізін салған Абай,  Ыбырай  шығармаларынан да, тіпті ХХғ. басындағы  қазақ әдеби тілінен де байқауға болады.

Түркі  халықтарының   жазба ескерткіштерінде  кездесетін кітаби  лексика  мынадай формада ұшырасады. Мысалы: беглер (бектер), йок (жоқ), оғлы (ұлы),  үчун (үшін), иол (жол), иеті (жеті), тоқуз (тоғыз),таг (тау), йоқары (жоғары), йеме (және).

 

          6-слайд: Қазіргі кітаби лексикаға әдеби нормаға енген, ғылыми, публицистикалық, ресми, көркем әдебиет стилінде қолданылатын сөздер жатады.

        Ғылыми стильге табиғат, адам және қоғам туралы ақиқат хабар беруді мақсат ететін стильде қолданылатын сөздер (терминдер) жатады.

          Публицистикалық стильге қоғамдық-саяси әдебиеттің, бұқаралық ақпарат құралдарыныңғ көпшілікке арналған жиналыстардағы баяндамалар мен жарыссөздердің мәтінінде қолданылатын сөздер тән

 

 

       Ресми стильге халықаралық келісімдердің, мемлекеттік актылар мен заң, жарлық, қаулылардың, нұсқаулардың, іс-қағаздарының мәтіндерінде қолданылатын сөздер жатады.

          Ал көркем  әдебиет стилінде  жалпыхалықтық  сөздердің қолданылу  көлемі әлдеқайда  кең, онда көркемдеу тәсілдері арқылы өмірде бар я болуға тиісті көріністер мен құбылыстарды адамның ішкі сезіміне  әсер ететіндей  етіп суреттейтін сөздер,  шындық өмір жайында  автордың өз көзқарасын білдіретін сөздер мол қолданылады.

 

                                                                                                                          Ұсынылатын әдебиеттер:

    Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006.

    Айғабылұлы А.Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 2013.

    Сарекенова Қ.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. Астана, 2010.